Мемлекет басшысының тағы бір бастамасы жүзеге асырылды
«Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіміне енгізілді. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасында хабарлады деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздің деректі мұраларын сақтау бағытындағы жұмысты жандандыруға қатысты нақты тапсырма берген болатын. «Хандар шежіресі» қолжазбасы – XVIII ғасырда жазылған, ұзындығы 3 метрден асатын бүктеме қағаз түріндегі құжат. ЮНЕСКО мойындаған бұл бірегей артефакт қазақ елін басқарған хандардың шежіресі бай екенін аңғартады», - деп жазды Ерлан Қарин Telegram арнасында.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, сонымен қатар VI-XIX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың шығу тегін және олардың өзге халықтармен қалай байланыс орнатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін ЮНЕСКО тізіміне Қожа Ахмет Яссауидің қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы туралы мұрағат материалдары, сондай-ақ Арал теңізінің мұрағат қоры енгізілген болатын.
Оқи отырыңыз: Балалар қауіпсіздігі – ортақ міндетіміз: Алматыда жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті