Екі сотталушы да бірден кінәні мойындамайтынын жеткізді
Алматыда 13 адамның өліміне себеп болған хостелдегі өртке қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Қызыл жалын жалмаған ғимаратты жалға алған Әділбек Мұхамедияров пен өрт қауіпсіздік жүйесін жүргізген Александр Пекельник қылмыстық істе 292-бап бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінгі отырыста прокурор айыптау актісін оқып, маңызды айғақтарды келтірді. Екі сотталушы да бірден кінәні мойындамайтынын жеткізді. Күдікті Александр Пекельник қайғылы оқиғаға менің мүлде қатысым жоқ деп ақталды. Оның айтуынша, ол хостел ашылмай тұрып, 1 жыл бұрын сол нысанға өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатқан. Ол «оның дұрыс жұмыс істеуін қадағалау меншік иесінің міндеті» деді. Алайда мемлекеттік қорғаушы сөзінде айыпталушының жұмысындағы бірқатар заңбұзушылықтарға тоқталып өтті. Мәселен «келісімшартта көрсетілгеннен хабарлағыш саны ғимаратта кем, салдарынан хостелде болғандар дабыл дыбысын ести алмаған» деген айыптау актісінде.
"Мойындамаймын, тағылған айыппен мүлде келіспеймін. Бұл бапта өрт қаупсiздiгi талаптарын сақтауға жауапты адамның заң бұзғаны жайлы жазылған. Бірақ мен жауапты тұлға емеспін, тек орындаушымын. Мен ғимаратты жатақхана етіп ұйымдастыруға қатысқан жоқпын, тіпті Ala Hostel-дің"барын білмедім. Біз жұмысымызды шарт бойынша орындадық. Жүйені одан әрі пайдалану үшін жауапкершілік жалға алушыларға жүктеледі", – деді айыпталушы Александр Пекельник.
Ал сотталушы Әділбек Мұхамедияровқа ғимараттағы қауіпсіздікке селқос қарап, өрт сөндіру жүйесінің жұмысына мән бермеген деген айып тағылып отыр. Прокурордың дерегі бойынша, нысанда тек бір эвакуациялық шығу есігі болған. Ауаның айналымын жүргізетін желдету жүйесі мен терезе жоқ.
"Қонақ үйлер мен хостелдер бөлек тұрған ғимараттарда салынуы керек. Бұл нормаға сәйкес, хостелдерді жертөледе және төменгі қабаттарда орналастыруға тыйым салынған. Ал Мұхамедияров нысанның жоспарын өзгертіп, жобаға түзетулер енгізгендіктен, адамдарды эвакуациялау қиынға соқты. Өртке қарсы автоматтандырылған жүйе дұрыс істемеді, өрт қауіпсіздігі бұзылды", – деді прокурор Нұразқан Мырзалы.
Ал жертөледе жан тапсырған 13 адамның туыстары тергеу әрекеттерінің жан-жақты жүргізілмегенін айтып, шағымданды. Олардың айтуынша, сот ісіне өртенген ғимараттың иелері және Әділбек Мұхамедияровқа жертөлені жалға берген "Куса халық" компаниясы қатысқан жоқ. Сондай-ақ жәбірленушілер қызыл жалынды әлдекімдер қасақана қою мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды.
"Балам сол түні қайтыс болды, 19 жаста, 3-курстың студенті. Ғимараттың иесі "Куса халык" компаниясы. Неге олар жауапқа тартпайды. Қасақана өрт қойғаны белгісі, күдікті де бар", – деді жәбірленуші тарап Бақытжан Әлімбаев.
Мемлекеттік айыптаушының дерегіне сүйенсек, жантүршігерлік оқиғадан бір күн бұрын, хостелді жалға алған Мухамедьяров дәлізге матрастар қойып кеткен. Сорақысы сол, өрт кезінде тұрғындардың сыртқа шығуына кедергі келтірген.
Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: ШҚО-да есірткі сататын интернет-дүкен табылды