13 call-орталық жойылды, соның ішінде шетелде орналасқандары да бар
Ішкі істер министрлігінде өткен алқа отырысында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, есірткі қылмыстарына қарсы қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 31,7 тонна есірткі тәркіленді, бұл 12 миллионнан астам бір реттік дозаға тең.
109 есірткі зертханасы жойылды, оның ішінде 13-і синтетикалық есірткі өндірісі бойынша.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.
Сонымен қатар киберқылмыспен күрес бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.
«84,5 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды. 13 call-орталық жойылды, соның ішінде шетелде орналасқандары да бар. "Дропперлік" фактілері бойынша интернет-алаяқтарына көмектескен адамдарға қатысты 56 қылмыстық іс тергелуде», - делінген хабарламада.
Киберқылмыспен күрес жөніндегі БҰҰ конвенциясына қол қойылды, бұл трансшекаралық цифрлық қылмыстарды тоқтату саласында халықаралық ынтымақтастық мүмкіндігін кеңейтеді.
Қылмыстық-атқару жүйесі саласында министр мемлекеттік-жеке серіктестік форматы аясында алғаш рет жаңа колонияның салынғанын атап өтті. Сондай-ақ 2026-2030 жылдарға арналған қылмыстық-атқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асырудың, бақылау құрамын күшейтудің және сотталғандардың еңбекке тартылу деңгейін арттырудың маңызын еске салды.
Жиын барысында ІІМ басшысы облыстық және аудандық бөліністердң жетекшілерінің есептерін тыңдап, кемшіліктерді атап көрсетті және оларды жою бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырып, жеке жауапкершілік туралы ескертті.
2026 жыл Қазақстанда Президенттің бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны атап өтілді. Бұл бағыттың ІІМ қызметінің алдағы жұмысында басымдық болатыны айтылды.
- Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі құралына айналуы тиіс. ІІМ үшін бұл қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көшу дегенді білдіреді, - деді Ержан Саденов.
ІІМ құрылымында Цифрландыру және жасанды интеллект департаменті құрылды, құқық қорғау саласында интеллектуалды жүйелерді одан әрі енгізу шаралары қабылдануда. Ұлттық бейнемониторинг жүйесін іске қосу аясында "Қауіпсіз қала" жобасын дамытуға, көшелер мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған видеоаналитикалық алгоритмдер енгізілуде.
"Орталық - облыс - аудан" принципі бойынша аналитикалық функциялары бар жедел басқару орталықтарын құру жалғасуда. Аппараттық-программалық кешендер мен дрондарды қолдану кеңейтілуде, бұл жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар санын 10%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
Оқи отырыңыз: Өткен жылы мас күйде көлік басқарған 23 мың жүргізуші ұсталған