Киіктер Қытайға қашан және қалай беріледі: министрлік түсіндірме берді

31.07.2025 17:00

Қазақстанда әлемдік ақбөкен популяциясының 98 пайыздан астамы шоғырланған

Аlmaty.tv

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан Қытайға 1,5 мың ақбөкен қалай және қай мерзімде берілетіні жөнінде сұралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін Президенттің баспасөз қызметі Қазақстан Қытайға популяцияны қалпына келтіру мақсатында 1,5 мың ақбөкен сыйлайтынын хабарлаған болатын. Үкіметтегі баспасөз конференциясында журналистер Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан бұл жануарларды қандай мерзімде және кімнің есебінен жеткізу жоспарланып отырғанын сұрады.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта қазақстандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірлесіп, алдағы тасымалдың егжей-тегжейін талқылап жатыр.

"Мұнда жалпы мынаны түсіну керек: жаһандық популяцияның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін киіктерді олардың тарихи мекендеу орындарына қайтару қажет. Бүгінде популяцияның 99,9 пайызы Қазақстанда деп айтамыз, бұл дұрыс емес. Ғалымдардың айтуынша, ақбөкендер бұрын өмір сүрген барлық шекаралас мемлекеттерде болуы тиіс. Бұл – тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы жобалардың бірі", – деді Нысанбаев.

Шенеунік жануарларды тасымалдаудың түрлі жолдары қарастырылып жатқанын, нақты форматы әлі анықталмағанын айтты.

"Биыл бастаймыз, келесі жылы аяқтаймыз. Біздің қытайлық серіктестеріміздің есебінен", – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Қазақстанда әлемдік ақбөкен популяциясының 98 пайыздан астамы шоғырланғаны хабарланған болатын. 2023 жылдың соңында Леонардо Ди Каприо Қазақстан үкіметін жойылу қаупіндегі жануар түрін сақтау жолындағы жетістіктерімен құттықтаған еді. Алайда 2025 жылдың көктемінде қазақстандық фермерлер ақбөкендердің шамадан тыс көбейіп кеткеніне шағымдана бастады.

Оқи отырыңыз: Енді бетті тұмшалап жүруге болмайды: полиция түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр