Кім қайда оқиды: алматылық түлектер әлемнің жетекші университеттерінен шақырту алды

25.05.2026 16:18

Үздік университеттерден шақырту алу саны бойынша Бостандық ауданы дәстүрлі түрде алдыңғы қатарда келеді

Алматы мектептерінің түлектері шетінен әлемнің жетекші университеттерінен шақырту алып, білім гранттарын иеленіп жатыр. Жыл басынан бері қаладағы жүздеген оқушы АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Аустрия, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия сияқты елдердің беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алған. Ал талапкерлердің таңдауы жаһандық еңбек сұранысымен үндесіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Үздік университеттерден шақырту алу саны бойынша Бостандық ауданы дәстүрлі түрде алдыңғы қатарда келеді. Ауданда орналасқан Махатма Ганди атындағы № 92 мамандандырылған лицей көш бастап тұр. Мәселен, жас түлек Арайлым Мұхажан бірден үш жоғары оқу орнынан шақырту алған. Математика және физика бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған ол білімін АҚШ-та жалғастырады.

«Көптеген олимпиадаға қатыстым. Халықаралық, республикалық, қалалық олимпиадаларға, ғылыми жоба жасадым. Қытайға, Сингапурға, Прага сынды әлемді араладым», – деді жас түлек Арайлым Мұхажан.

Сондай-ақ мектеп түлектері Қытай, Аустралия, Ұлыбритания мен Үндістанның жетекші университеттерінен шақырту алған. Олар жаһандық еңбек нарығына сай, таңдау жасап қойған.

«8 университеттен шақырту алдым. Nanjing University of Science and Technology деген университетті таңдап, білімімді ары қарай шынықтырғым келеді. Қазақстанға  технология саласында үлесімді қосқым келеді», – деді жас түлек Арайлым Мұхаметқали

«Британдық Heriot-Watt университеті  әлемде бірнеше филиалы болуымен танылған. Мен Дубайдағы филиалды таңдадым», – деді жас түлек Алуа Өтеген.

Лицейден бүгін 112 түлек түлеп ұшты. Олардың 18-і ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал 9 талапкер оқуды «Алтын белгімен» тәмамдап, 12 оқушы қызыл аттестат иеленіпті.

«Мектебімізде 18 оқушы халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда жетістікке жеткен. Биыл түлектеріміздің білімі өте жоғары. Біз түлектерімізге сенеміз!» – деді М. Ганди атындағы № 92 мамандандырылған лицей директоры Күлжан Шажабаева.

Айта кетейік, биыл 100-ден астам алматылық оқушы шетелдің белді университеттерінен шақырту алған. Бұл – қала мектептеріндегі академиялық дайындықтың, халықаралық олимпиадаларға жүйелі қатысудың нәтижесі.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматы мектептерінде 357 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады