Әкімдіктің бөлмесінде түнеп жүрміз: Қостанайда кәріз суы баспаналарды шайып кеткен

Саяжайда шаруашылық жүргізетін жұртшылық топыраққа сіңген кәріз суынан кейін егілетін бақшаның сапасына алаңдап отыр

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда бау-бақша серіктесігінің аумағын кәріз суы басты. Лай мен қалдық аралас су саяжай учаскелерін ғана емес, маңдағы тұрғындардың баспаналарын да шайып кеткен. Енді күн суытып, қыс келерде үйлерін дымқыл тартып, қабырғасынан сыз өткен жұрт қайда барарын білмей дал, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір мезетте атқылай аққан кәріз суы бау-бақша алқабын түгел жайпап өтті. Белгілі болғандай, коллектор жарылып, салдарынан кәріз суы жоғары қысыммен ағып, санаулы уақытта көлшік пайда болған. Қалдық аралас лас су үй мен аулалардан бөлек, көліктерді де шайып кетіпті. Бұл – саяжай аумағындағы соңғы үш айдағы болған екінші апат.

«Алдыңғы жолы кейбір үйлер ғана су астында қалса, бұл жолы тіпті аман қалған үйлерге жетті. Жағдай ауыр. Бізге ешкім назар аудармайды, қала әкімдігі неге үнсіз?», – деді  «Энергетик» бау-бақша бірлестігінің төрағасы Денис Васкевич.

Қазір саяжай аумағында залалды бағалау және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы комиссия аулаларды аралап, шығын мөлшерін есептеуде.

«Пәтер алуға жағдайымыз болса, баяғыда-ақ көшіп кетер едік. Ал биліктегілер «бәрібір ешқайда кетпейді» деп ойлайды да, бір-екі машина қиыршық тас төгіп, мәселені «шешкен» болады. Бұл жолы олай болмайды», – деді саяжай тұрғыны Гүлнара Ысқақова.

«Балаларымды әрең шығарып үлгердік, иістен құсып тастады. Не айтарымды білмеймін? Балалар уланды, қазір әкімдіктің бөлмесінде түнеп жүрміз. Енді не істерімізді де білмейміз?», – деді саяжай тұрғыны Жеңіс Күпеев.

Апат орнына «Қостанай Су» кәсіпорнының мамандары келіп, жүйедегі қысымды азайту үшін негізгі тораптарды жапқан. Кәріз суы елдімекенді түгел жайпап өткеннен кейін ғана шара қолдануға бел буған мекеме қазір артық суды жинақтаушы резервуарға бұрып, дренаждық сорғыларды іске қосқан.

«Апаттан кейінгі ажырату жұмыстары шамамен 1,5 сағатқа созылды. Су арнайы авариялық жинақтаушыға жіберілді. Қазір комиссия келтірілген материалдық шығынды есептеп жатыр», – деді  «Қостанай су» МКК бас инженері Виталий Панаетов.

Апаттың салдарын анықтау үшін комиссия тексеріс жүргізуде. Бірақ жұрттың көңілі күпті.  Өйткені, алдыңғы апаттан келген залал да өтелмеген. Сондай-ақ саяжайда шаруашылық жүргізетін жұртшылық топыраққа сіңген кәріз суынан кейін егілетін бақшаның құнарлылығы мен құдықтағы судың тазалығына алаңдап отыр.

Әйкерім Пернебек, Елисея Томашевская, Қостанай

Оқи отырыңыз: Көгілдір отын жоқ: Ақтауда тұрғындар 10 күннен бері жылусыз отыр

Новости партнеров