Көгілдір отын жоқ: Ақтауда тұрғындар 10 күннен бері жылусыз отыр

Үй жертөлесіндегі балабақша өкілдері келіп тұрған газ құбырына өз бетімен өзгеріс жасаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтаудағы 20-шағынауданының тұрғындары 10 күннен бері жылусыз отыр. Қабырғасы мен едендері ызғар тартып тұрған суық үйде балалары тоңып, жиі сырқаттанатын болған. Амалы таусылған жұрт енді әкімдік өкілдеріне шүйлікті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

20-шағынаудандағы 21-ші үйдің тұрғыны Ақсұлу Алмасбаеваның айтуынша, балалары түнімен жөтеліп, тоңып шығады. Жеті баланың анасы тоқ пеш қосып отыр. Бірақ үйді жылытуға оның да күші жетпейді. Ол баспанасының жылымағанына 2 апта болғанын айтты. Көпбалалы отбасы үй ішінде қырық қабат киіммен жүруге мәжбүр.

«Жылу жоқ. Балаларымыз тоңып жатыр. Ауырып қалды. Он шақты күн болды жылу қосылмады», – деді қала тұрғыны Ақсұлу Алмасбаева.

Тұрғын үйдегі мәселе тек жылудың жоқтығымен шектелмейді. Газ проблемасы тағы бар. Үй жертөлесіндегі балабақша өкілдері келіп тұрған газ құбырына өз бетімен өзгеріс жасап, заң талаптарын өрескел бұзған. Соның кесірінен бүтін бір үй табиғи отынға қол жеткізе алмай отыр. Жұрт бұл түйткілді де тездетіп реттеуді жауаптылардан талап етті.

 «Балбақша салынып жатыр. Газдың құбырын қиып тастаған. Күн суық, мәселені тездетіп шешіп берсеңіздер», – деді қала тұрғыны Раушан Жаңаева.

21 және 22-үйге коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме өкілі, газ мәселесі 1-2 күнде реттелетінін айтты. Ал екі үйге дейін келіп тұрған басты құбырды тексеру керек екенін айтты.

«Үйдің жертөлесінен кәсіп ашқандар заңды  бұзып отыр. Соның салдарынан 21-үйге газ берілмей тұр. Жауаптыларға хат жолданды, 1 апта ішінде мәселе шешімін табады. Ал жылу бойынша «Каспий жылу» су арнасы мекемесіне шағым түсірдік. Аталмыш мекеменің жауаптылары келіп жатыр. Мәселе орталық магистральда болып тұр. Әкімдіктен адамдары келді, мәселені шұғыл реттейміз деп уәде берді», – деді Тұрғын үйге коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме өкілі Роза Башағұлова.  

Қаланың жылуына жауапты «Каспий жылу» су арнасы» мекемесінің өкілдері жиналған тұрғындардың шақыртуына келмесе де, жазбаша жауап қатты. Мекеменің бас инженері мен тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме төрайымы бірлесіп, жылу тораптарын қайта тексерген. Мекеме тарапынан жылуға шектеу болмаған көрінеді. Жауапты мекеме мамандары тұрғындардың шағымын ескере отырып,  аталған мекен-жайдағы жылу торабын қайта тексеретінін айтты.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 12 оқушы астан уланды

Новости партнеров