Кино өндірісі: Қазақстан мен Оңтүстік Корея бірлескен тың жобаларды ұсынбақ

30.04.2026 20:17

Екі елдің креативті индустриясы тоғысқан компаниясының алғашқы ірі жобасы – «Принц Азии» атты көркем фильм

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени байланыс жаңа деңгейге көтерілуде. Екі елдің креативті индустрия өкілдері күш біріктіріп, бірлескен продюсерлік компаниясын құрды. Серіктестік арқылы екі ел кино өндірісін арттырып, тың жобаларды ұсынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәдени ықпалдастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамның алғашқы туындысында сол елдің де, отандық өнер иелері де төбе көрсетеді. Сондай-ақ ынтымақтастық аясында танымал кей-поп қыздар тобы елімізге алғаш рет келіп, жанкүйерлерімен жүздесті.

Екі елдің креативті индустриясы тоғысқан компаниясының алғашқы ірі жобасы – «Принц Азии» атты көркем фильм. Туынды көрерменді ерекше оқиғасымен баурайды. Онда әлемге танымал кореялық айдол тағдыр тәлкегімен Алматыда қалып қойып, бөтен елде түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Ал оның жолында Тоғжан есімді қазақ қызы кездесіп, сынақтарды бірге еңсеруге көмектеседі.

«Бұл жоба екі ел арасындағы мәдениет алмасуды күшейтеді. Яғни Қазақстаннан Кореяға барғысы келетіндер және керісінше сіздерден бізге келушілер, жалпы қызығушылық білдіретіндер көбейеді деп білеміз. Біздің жасап жатқан фильм де көрерменнің зор ықыласына бөленеді деп сенеміз. Онда тың идея, бұрын болмаған креативті формат және үздік актерлер болады», – деді компаниясының директоры Ли Сонджин.¤

Жоба аясында Алматыға кореялық продюсерлік орталық өкілдері арнайы келіп, мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға ниетті екенін айтты. Ынтымақтастықтың ең маңызды әрі жарқын қонақтары – «iii» атты жаңа K-pop тобы.

«Алматының таулы аймағы, сұлулығы тәнті етті. Болашақта қазақстандық көрермендермен фанмитинг өткізгіміз келеді. Тағы келіп концерт берсек дейміз. Бірнеше ән шығарып, жанкүйерлерді қуантқымыз келеді», – деді iii тобы (Оңтүстік Корея)

«iii» – 2025 жылы «Re:al iii» атты дебюттік альбомымен шыққан тың жоба. Топ өз шығармашылығында заманауи поп-дыбысты эксперименттік элементтермен ұштастырып, ерекше стиль қалыптастыра білді. Олардың әндерінде еркіндік пен энергия тоғысқан. Топ 5 мемберден тұрады. Әрқайсысының өзіндік орны мен ерекшелігі бар. Алматыға алғаш келген бикештер шаһардың сұлу табиғатына тамсанғандарын жасырмады. Оларды әуежайдан жанкүйерлері күтіп алып, ерекше ықылас білдіріпті.

Кино мен музыка тоғысқан бұл бастама – Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени көпірді нығайта түсетін жаңа белес болмақ. «Принц Азии» көркем фильмінің түсірілімі биыл жаздың басында басталып, қалың көрерменге 2027 жылы ұсынылмақ. Айта кетерлігі, туындыдағы басты рөлді сомдайтын актер әзірге құпия сақталуда. Жоба авторларының айтуынша, ол танымал K-pop айдол, есімі кейінірек ресми түрде жарияланбақ.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, Ернат Болатбек