Теміржолдағы тегеурінді әулет: Алматыда жол шеберінің еңбек жолы дәріптелді

30.04.2026 20:37

Саналы ғұмырын теміржол саласына сарп еткен Амангелді Омаров  85 жастқа толды 

Саналы ғұмырын теміржол саласына сарп еткен Амангелді Омаров 85 жасқа толды. Әке кәсібін жалғап, шойын жолдың дамуына үлес қосқан ол әуелі Арыс стансасында аға жол шебері боп қызмет атқарған, деп хабарлайды Almaty.tv

Еңбек жолында түрлі кезеңдерден өтіп, жемісті жұмысы мен нәтижелі еңбегінің арқасында 1997 жылы «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Мемлекеттік теміржол көлігі саласын дамытуға сүбелі үлес қосып, еңбек сіңірді. Кейін 2000 жылдардың басында шәкірт тәрбиелеу ісіне білек сыбана кірісіп, әлі күнге дейін жоғары оқу орнында басшылық қызмет атқарып келеді.

«Көптеген кадр істеп жүрген теміржолшылардығ арасынан шығады. Менің де әкем теміржолшы болған. Түрксібте әкемнің інілері, ағайындары теміржолда жұмыс істеді», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Амангелді Омаров.

 Амангелді Омаровты мерейлі жасымен құттықтап, шапан жапқан азаматтар бүгінгі іс-шарада көп болды. Олар Ғылым және Жоғары білім министрінің, Көлік министрінің құттықтауларын оқып, ғалымға Алматы қаласы әкімінің жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ауқымды жиын аясында «Теміржолдағы тегеурінді әулет» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Мұнда әке мен баланың тағдыры арқылы теміржол саласының тұтас бір дәуірі бейнеленген. Амангелді Омаровтың еңбек жолындағы маңдай тері, күш-қайраты назарсыз қалған емес.

Ғылым күніне орай биыл Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. 

«Бұл кісіге тегінен тараған, әкесі қазақ теміржолындағы ең білімді, білікті инженер болған.Түркістан-Сібір жолын салуда Мұхамеджановпен бірге жұмыс істеген», – деді ардагер теміржолшы Аспан Қажығұлов.

Оқи отырыңыз: Алматыда квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мәселесі талқыланды