Кино саласындағы реформатор: Олжас Сүлейменовтің қазақ мәдениетіне қосқан белгісіз үлесі

Алматыда қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында ұйымдастырылған тағылымды іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен өнер саңлақтары жиналды, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Кеш шымылдығы Олжас Сүлейменовтің отты жырларын оқумен түрілді. Артынша көрермен назарына ақын шығармаларының желісімен сахналанған көріністер ұсынылды. Сондай-ақ рухани кеш барысында заңғар қаламгердің өз дауысымен оқылған архивтік бейнежазбасы көпшілікке жол тартты.

Кеш барысында қазақ әдебиетін әлемге танытқан саңлаққа отандық және шетелдік мәдениет өкілдері арнайы лебізін жолдап, ақынның ұлт руханиятына қосқан сүбелі үлесін айрықша атап өтті. Сондай-ақ өнер майталмандары әуелете ән шырқап, ақындар жүрекжарды арнауын оқыды. Мерейтой аясында Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасы, азаматтық ұстанымы мен қоғамдық қызметі кеңінен дәріптелді.

«Олжас Омарұлының қазақ тарихында, қазақ руханиятында жасаған еңбектері ұшан теңіз деп айта аламын. 1961 жылы адамзат тарихында аспанға Гагарин ұшқан кезде  үн қосқан ақын екеу болса біреуі, біреу болса осы – Олжас ағамыз болды», – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай.

 «Оқырман Олжас Сүлейменовты орыс тілді деп қабылдауы мүмкін. Бірақ орыс тілінде жазса да оның жаны қазақ екенін, ұлтшылдығын «Арғымақтар» деген бір-ақ өлеңімен дәлелдеуге болады. Өлеңін оқу арқылы оқырман рухын көтере білді», – деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжаһан Орда.

Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген Олжас Сүлейменов өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарқ еткен алып құбылысқа айналды. 1961 жылы жарық көрген «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы жас ақынның есімін бірден төрткүл дүниеге танытты. Ал 1975 жылы шыққан «Аз и Я» еңбегі ғылым мен әдебиет кеңістігінде тың серпіліс әкелген туынды ретінде бағаланды. Бұдан бөлек, оның есімін жаһан жұртшылығына кеңінен әйгілеген тарихи бастамалардың бірі – «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы болды.

«Олжастың ерлігі, қаһармандығы – 1986 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты орнынан алған кезде, жұрттың бәрі  ол кісі кетсін деп қол көтергенде «мен қарсымын» деп қол көтеруі. Бүкіл әлемдік айналысқа үш сөзді кіргізді. Оның біреуі «айналайын», екіншісі «арғымақ», үшіншісі «жігіт». Осы үш сөз қазақты бүкіл әлемге танытып тұр», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Олжас Сүлейменов ұлттық кино өнерінің дамуына да үлкен үлес қосты. Ол «Атамекен», «Балкон» секілді фильмдердің сценарийін жазып, қазақ киносына жаңа мазмұн әкелді.

«Олжас Сүлейменов 1981–1983 жылдары Қазақстанның Мемлекеттік кино комитетін басқарған кезеңде кино саласына жас таланттарды тартып, еркін ойлайтын жаңа буын режиссерлердің қалыптасуына жол ашты. Сол кезеңде қазақ киносы тоқырауға ұшырай бастаған еді. Осындай күрделі уақытта Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов жаңа көзқарастағы жастарға мүмкіндік берді», – деді киносыншы Гүлнәр Әбікеева.

Тоқсан жылдық ғұмырында Олжас Сүлейменов әдебиетте де, қоғамда да, тарих алдында да сөзін айта білді. Сондықтан оның мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін құнды рухани қазына болары сөзсіз.

Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Ғасырдың дара перзенті: Алматыда Олжас Сүлейменовке арналған әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды

Новости партнеров