1995 жылдан бері азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері кәсіби мерекесін жыл сайын 19 қазанда атап өтеді
Ертең – Құтқарушылар күні. 1995 жылдан бері азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері кәсіби мерекесін жыл сайын 19 қазанда атап өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлішер Азнабакиев – 3 жылдан бері тосын жағдайдың зардабын жоюға күш салып келеді. Құтқарушы болуды ол бала күнінен армандаған. Ол «өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарап, қауіптен аман алып қалу – басты міндетім» дейді.
"Маған адамдарды құтқарып, игі іс атқарған ұнайды. Кішкентайымнан қаһарман болуды армандадым. Бала күнімде өрт сөндіретін қызыл көліктерге қатты қызығатынмын. Өзім жұмыс істеген 3 жылдың ішінде түрлі оқиға орнына бардым, 50-ге жуық адамның өмірін сақтап қалдым деп айта аламын", – деді өрт сөндіруші Әлішер Азнабакиев.
Әлішер тек өрт сөндіру емес, ел басына күн туып, өңірлерді топан су басқанда да қарқынды жұмыс істеген. Әріптестерінің айтуынша, Петропавл қаласына аттанып, қызметін адал атқарған.
"2024 жылы сәуірде Петропавл қаласына жеке құрамнан 22 адам барды. Оның ішіндегі Әлішер Азнабакиев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолы қойылған қолсағатын алды", – деді №1 мамандандырылған жасақ бастығының орынбасары Алмас Торбаев.
Айта кетейік, Құтқарушылар күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында жаңадан пайдалануға берілген №23 өрт сөндіру бөліміне барып, жұмысымен танысты. Президент азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
Әйкерім Пенебек, Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыда «Жарқын күз» эконауқаны басталды