Кітап оқу есте сақтау қабілетін қалай жақсартады - 88 жастағы кейуананың құпиясы

04.11.2026 18:32

Кітап оқу – ортаға бейімделіп, өзгелермен тілдесіп, ой бөлісуге, адамның есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік береді

Almaty.tv

«Кітаптан асқан сырлас жоқ. Жалғыздықтан жабырқамаудың бір емі де – осы. Өйткені кітап оқыған адам ойға шомылып, қиялға қанат бітіреді, рухани азық алады». Бұл – Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік орталығында тұратын, жасы тоқсанға таяған әженің пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айымторы Тарғаринова – 88 жаста. Орталықты паналағанына 10 жылдан аса уақыт болған. Бұрынғы театр актрисасы бос уақытын кітап оқуға, мәдени іс-шараларға қатысуға арнайды. Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Еңлік-Кебек» трагедиясында басты рөлді сомдаған ол өмірін өнерге арнаған. Бүгінде кітап оқу – қария үшін тек уақыт өткізу құралы емес, рухани серпін алатын нағыз серігі. Әсіресе жалғыздық жанға батқанда жанына желеу, көңілге медеу береді дейді. Ол күніне бірнеше сағатын кітапханада өткізіп, осы уақытқа дейін түрлі авторлардың туындысымен танысып үлгерген.

«Жабырқап жүрген кезде жиналып алып, бәріміз оқығанымызды ортаға саламыз. Әрқайсысы түрлі талдайды, ойын айтады. Сонда бізде бір керемет, ерекше әсер болады», – деді оқырман Айымторы Тарғаринова.

Кітап оқу – ортаға бейімделіп, өзгелермен тілдесіп, ой бөлісуге, адамның есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Орталықтағы кітапханада қариялар әдеби шығармаларды талқылап, мәдени кештерге қатысып, өзара пікір алмасады. Мамандар «аталмыш басқосулар олардың қоғамнан оқшауланбай, белсенді өмір сүруіне ықпал етіп отыр» дейді. Үш жүзге жуық қарт паналаған орталықта психологиялық, медициналық, әлеуметтік және тұрмыстық бағыттағы жеті түрлі қызмет көрсетіледі.

«Шаңырақ» әлеуметтік орталығындағы ата-апалардың бәрі оқырман десем болады. Өйткені олардың негізгі серігі – кітап. «Жүректен жүрекке» деген клубымыз бар. Сол арқылы кісілер оқыған кітаптарын талқылап, бір-бірімен пікір алмасады. Кітап оқу – оларға есте сақтау қабілетін жаңғыртып, жадын одан әрі дамыта береді», – деді қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №45 кітапхана меңгерушісі Бақыт Сыдықова.

Қартайған шақта адамға қамқорлықпен қатар, көңілін табатын орта мен сүйіп айналысатын іс керек. Кітап – соның бірі де бірегейі. «Кітаптың жасы жоқ» деген халық даналығы да осыны меңзесе керек.

Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Наталия Сац атындағы театр қайта жаңғыртудан кейін көрермендерге есігін қайта ашады

Толық көрсету