Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – баспа ісіне қатысты мамандықтардың беделін арттыру
Алматыда колледж студенттері арасында «Кітаптар мен журналдарға арналған арт-контент әзірлеу» тақырыбында республикалық байқау басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Талдықорған, Тараз және Алматыдан келген 13 талантты жас бірнеше күн бойы шеберлігін ортаға салады. Қатысушылар креативті ойлау, көркемдік талғам мен композициялық үйлесімділік бойынша сынға түседі. Олардың жұмыстарын сала мамандары мен баспа ісінің білікті өкілдері бағалайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – баспа ісіне қатысты мамандықтардың беделін арттырып, жас дарындарды қолдау.
«Байқау баспа ісі, графикалық дизайн мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін көтеру, жастардың осы салаларға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Байқау үш негізгі кезеңнен тұрады. Бүгін алғашқы күні өтіп жатыр. Мұнда қатысушылар логотип дайындап, суреттерді өңдеп, кітап не журналдың беттеме үлгісін әзірлейді. Ертең байқаудың екінші күні өтеді. Онда қатысушылар баспаға арналған файлдарды дайындап, оларды басып шығару процесін жүзеге асырады», – деді директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Меңгүл Сағындықова.
Оқи отырыңыз: Әшекей бұйымдарға қарап қыздың жасын қалай білуге болады