Көкек ана: далаға тастап кеткен сәбидің жағдайы орташа ауыр

06.05.2025 17:51

Тергеу амалдары жүргізіліп, сәбидің анасы іздестіріліп жатыр

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында безбүйрек ана жаңа туған шақалағын тұрғын үй терезесінің алдына қалдырып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Таңертеңгі сағат 9:30 шамасында сәбидің іңгәлаған даусын естіген ауыл тұрғыны шошып кетіп, дереу полиция мен жедел-жәрдем қызметкерін шақырған. Шала туып, денесі салқындап қалған баланы медицина мамандары облыстық ана мен бала орталығына алып келген. Ал өңірлік полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, сәбидің анасы іздестіріліп жатыр.

«Сәбидің дене қызуы келгеннен кейін көтерілді. Оған көмек көрсетіп, жуындырды.  Қазіргі таңда баланың жағдайы орташа ауыр, бірқалыпты. Сүт ішіп жатыр. Салмағы 2 кг, 200г», – деді Перинаталдық орталықтағы нәрестелерді емдеп-жетілдіру бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Сарбалаева.

Оқи отырыңыз: Шерзат кастетпен ұрды: айыпталушы тың дерек айтты