Көкшетауда жоғалып кеткен 4 жастағы баланың денесі табылды
Ол анасының жұмыс орнынан шығып кетіп, қайта оралмаған
Көкшетауда жоғалып кеткен 4 жастағы бала өлі күйінде табылды. Балақайдың денесі қала көшелерінің біріндегі кәріз құдығында жатқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Полицияның кезекші бөліміне баланың із-түссіз кеткені туралы хабарлама кеше күндіз түскен. Бейресми мәліметтерде балақайдың сөйлеу тілінде ерекшелік болғаны айтылады. Сондай-ақ ол анасының жұмыс орнынан шығып кетіп, қайта оралмаған. Қазір қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
«Кеше кезекші бөлімге кәмелетке толмаған баланың Көкшетау қаласында жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Іздестіру жұмыстарына төтеншеліктер мен полиция күштері тартылды. Нәтижесінде, бала ашық құдықтан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылықпен өлім белгілері анықталған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Тиісті тексеріс жүргізіледі», – деді Ақмола облыстық Полиция департаменті бөлімінің аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.
Оқи отырыңыз: Елімізде жүрек трансплантациясы неге сирек жасалады