Коктейліне дәрі қосып, зорлаған: Қарағандыда 5 бозбала күдікке ілінді

28.05.2025 20:09

Үш күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр

Қарағандыда бес бозбала 16 жастағы қызды топтасып зорлады деген күдікке ілінді. Жәбірленуші тараптың сөзінше, олар тіпті бойжеткеннің ес-түссіз жатқан видеосын жасөспірімдер арасында таратып жіберген көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға 14 ақпанда болған. Жәбір көрген қыздың әкесі айтқан мәліметке сүйенсек, бойжеткен сол күні құрбысымен қыдыруға кеткен. О баста ойын-сауық орталығына барған ол кейіннен белгісіз пәтерден бір-ақ шыққан. Ал есін жиғанда, бес жігіттің өзін зорлағанын біледі. Бозбалалар онымен қоймай, он 16 жастағы қызға түрлі дәрі беріп, жарты күн бойы сыртқа шығармаған көрінеді. Ал аталған жайт туралы бойжеткеннің жақындары тек арада 11 күн өткенде білген. ¤

«Кәмелетке толмаған 5 бала қызымды ойларына келгенін істеп зорлаған. Коктейліне қандай да бір дәрі ма қосып берген деп ойлаймыз. Ешкімді қаралап жатқан жоқпыз. Әркім өз жазасын лайықты жауапқа тартылсын», – деді жәбірленушінің әкесі.

 Кәмелетке толмаған қызға ойға келгенін жасаған жасөспірімдер оның ес-түссіз жатқан кезін видеоға түсіріп алған. Кейіннен «Біреуге айтсаң, бейнежазбаны таратамыз» деп қорқытқан көрінеді.

«Он бір күн өткеннен кейін туыстарымыздан естідік. Жасөспірімдердің арасында тараған видеоға байланысты сөз қозғалып, біліп отырмыз», – деді жәбірленушінің әкесі.

Ал Қарағанды облысының Полиция департаменті аталған іс бойынша қылмыстық істің ақпанда қозғалғанын мәлімдеді. Қазір үш күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Ал оқиға орнында болған өзге екі жігіт пен қыздың құрбысы куә есебінде тергеліпті.

 «Қазір жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажет сараптамалар кешені тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша, қылмыстық іс сотқа жолданады. Тергеу барысы Қарағанды облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жария етілмейді», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Жәбірленуші тараптың бар сұрары – істің әділ қаралуы. Бармақ басты, көз қысты әрекеттен қорыққан олар оқиғаның объективті түрде тергелуіне қол жеткізуді талап етеді.

Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу - қылмыс: 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін