Құжат Сенатқа жолданды
Қазақстанда қыз алып қашқандар 7, 8 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалап, 10 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәжіліс депутаттары Қылмыстық кодекске «Адамды некеге тұруға мәжбүрлеу» деген жаңа бап қосып, оны екінші оқылымда мақұлдады. Құжат Сенатқа жолданды. Бұл бап бойынша біреуді қорқытып немесе зорлықпен некеге тұрғызуға мәжбүрлесе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал бұл әрекет топпен, күш қолданып немесе кәмелетке толмаған қызға қатысты жасалса, 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып немесе 7 жылға дейін жаза тағайындалады. Егер қыз алып қашу салдарынан жәбірленуші қаза тапса, кінәлілер 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Қалыңдықты ұстауға көмектескен туыстар да жауапкершілікке тартылады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов соңғы 5 жылда 256 қыз алып қашу фактісі тіркелгенін, бірақ соның тек бесеуі ғана сотқа жеткенін айтты.
«Біріншіден қарындастың тағдырына байланысты. Ол – мәпелеп отырған қыздарымыздың, болашақ аналардың тағдыры. байланысты. Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері қызды алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеті жиілеп кетті. Бұл – шын мәнінде адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде «Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек» деген болатын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Оқи отырыңыз: Елімізде қыз алып қашуға қатысты жауапкершілік күшейтілуі мүмкін