Көктем–2026: Алматылық мамандар су жайылу қаупінің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр

25.02.2026 21:55

Қалада 150-ден астам өзен-көл, арық пен канал жіті назарда

Елде көктемгі кезеңге дайындық қыза түсті. Бүгін барлық өңірде «Көктем–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шаралары басталып, құтқару қызметтері ықтимал қауіп-қатерге қарсы іс-қимылды пысықтауда. Алматылық мамандар да әзірлікті күшейтіп, су жайылу қаупінің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматылық төтеншеліктер көктемгі табиғаттың тосын мінезіне дайындығы сақадай сай, жағдай тұрақты екенін мәлім етті. Мамандардың айтуынша, биыл тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда су басу ықтималдығы төмен. Дегенмен қалада 150-ден астам өзен-көл, арық пен канал жіті назарда. Бүгінгі оқу-жаттығуда төтенше жағдайлар қызметтері мен құтқарушылар су көбейген жағдайда әрекет ету жоспарын нақтылады.

«Оқу-жаттығу барысында жеке құрамның, сорғы станциялары мен арнайы техниканың дайындығы жан-жақты сыналды. Мақсат – көктемгі қарғын су кезінде кез келген жағдайға дайын болу», – деді Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының басшысы Диас Мусин.

Оқу-жаттығу барысында Әуежай көлінде арнайы техниканың дайындығы тексерілді. Құтқарушылар су айдайтын құрылғыларды іске қосып, төтенше жағдайда қаншалықты жылдам жұмыс істей алатынын сынады. Мамандардың сөзінше, басты мақсат – қауіпті ерте анықтап, оның алдын алу.

«Негізгі міндет – қауіп төнген сәтте уақыт жоғалтпау. Ол үшін құтқарушылар коммуналдық қызметтермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеу тәсілдерін пысықтап жатыр», – деді Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Біржан Серікбай.

Қалада тек техника емес, бақылау жүйесі де күшейтілді. Қауіпті аумақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Өзендер мен арықтардағы су деңгейі үздіксіз қадағаланып, жедел топтар тәулік бойы дайын тұр. Оқу-жаттығу 27 ақпанға дейін жалғасады. Осы аралықта мамандар шағын аумақты су басудан бастап кең көлемді көктемгі су жайылуына дейінгі түрлі төтенше жағдайды қамтып, әрекет ету жоспарын пысықтайды.

Әйкерім Пернебек, Адель Ақжаркенова, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Қар қалыңыдығы 22 сантиметрге жетті: Алматыда коммуналдық қызмет күшейтілді