Аялдамалар, жерасты және жерүсті өткелдері, баспалдақтар мен пандустар жұмысшылардың күшімен қардан аршылуда.
Алматыда қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Себебі толассыз жауған қардан ақ ұлпаның қалыңдығы 22 сантиметрге жеткен. Қазір қала көшелерін аршуға 1200-ден аса арнайы техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, 4 мыңнан астам жол қызметкері күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алып шаһар Алматыда көктен қалықтаған ақ мамық бір тәуліктен бері саябырсымады. Сол себепті қаладағы қардың қалыңдығы 22 сантиметрге жетіпті. Ал коммуналдық қызметтер шаһар көшелерін жапқан ақ ұлпаны тазартуға бар күшін салуда.
«Сағат 7:00-ден бастап жұмыс істейміз. Ораза ұстап жүрміз, бірақ жұмысқа кедергі болмайды. Тимирязев көшесінде аялдамаларды тазалаймыз, тұз, құм шашымыз», – деді «Алматы тазалық» мекемесінің қызметкері Гүлшат Хасен.
Мамандар қар жауа салысымен негізгі көшелер мен күре жолдарға мұзға қарсы қоспалар себілгенін айтты. Түнгі сағат 01:00-ден бастап жол-патрульдік полицияның бақылауымен арнайы техникалар тізбектеле жүріп, қарды жол жиегіне ысыруға кіріскен. Соның нәтижесінде шаһардағы көлік қозғалысы тұрақты сақталуда.
«Алматы қаласында 24 ақпаннан бастап тәулік бойы қар жаууда. Қар қалыңыдығы 22 сантиметрге жетті. Ол айлық мөлшерінің 65 пайызы жапты. Бір айда ақпанда 39 сантиметр жабу керек еді. Түннен бастап тәулік бойы коммуналдық мекемелер бәрі жұмысын атқаруда», – деді қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жанат Жақыпбек.
Синоптиктердің мәліметінше, Алматыда ақ ұлпа қардың қалың түсуі шаһар аумағын кесіп өткен бірнеше атмосфералық фронтальды жүйенің әсерінен туындаған. Мамандардың айтуынша, алдағы екі тәулікте де қар аралас жауын-шашын жалғасады.
«Кең ауқымды аязда антициклон Қазақстанның басым бөлігінде ықпалын сақтайды. Температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер күтілмейді. Ауа райы негізінен жауын шашынсыз болады деп болжанады. Тек Оңтүстік өңірлерде жауын шашын күтіледі. Кей жерлерде жауын шашын мол болуы мүмкін. Негізінен жаңбыр түрінде болады. Сондай-ақ жел күшейіп, көктайғақ құбылыстары байқалады. Кезеңнің соңында оңтүстік облыстарда ауа температурасы түнде 10-17 градус аязға дейін төмендейді», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
Сондай-ақ шаһарда 95 бірлік шағын техника жаяу жүргіншілер жолы мен қоғамдық кеңістіктерді тазалап жатыр. Ал аялдамалар, жерасты және жерүсті өткелдері, баспалдақтар мен пандустар жұмысшылардың күшімен қардан аршылуда.
Айта кетейік, қазір қала көшелеріндегі ахуалды бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Мамандардың айтуынша, қар толық тоқтап, ауа райы тұрақталғанға дейін тазалау жұмыстары толассыз жалғаса береді.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыда курьерге қатысты қойылатын талаптар күшейтіледі