Көктем көркі – қызғалдақ: Алматыда қалалық фестивалі өтті

Фестивальдің басты мақсаты – көктемнің алғашқы гүлі саналатын қызғалдақты қорғау

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көктемнің шырайын келтіретін дәстүрлі «Көктем көркі – қызғалдақ» қалалық фестивалі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқушылар сарайының экология және биология бөлімі ұйымдастырған бұл мерекеге мыңға жуық бала қатысты. Іс-шара аясында шеберлік сабақтар өтіп, жас суретшілер мен флористердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Фестивальдің басты мақсаты – көктемнің алғашқы гүлі саналатын қызғалдақты қорғау.

Көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлаған «Көктем көркі – қызғалдақ» фестивалі ертегі кейіпкерлерінің жарқын бейнесі мен әуеннің әсерлі үнімен басталды. Оқушылар сарайының Almaty Youth Jaz Band орындаған шығармалар көрермендерді көтеріңкі көңіл-күйге бөлеп, «Қызыл» кітапқа енген өсімдіктер көрмесі табиғаттың нәзік сұлулығын паш етті. Сондай ақ іс-шара аясында «Көктем сыйы» байқауы ұйымдастырылды. Онда 25 қатысушы табиғи және инертті материалдарды пайдалана отырып, гүлдер композициясын жасады.

«Бүгінгі жасаған туындымда гүлдерді және де басқа да өсімдіктерді қолдандым. Осы еңбегімде көктемдегі барлық гүлдерді, өсімдіктерді, көктемнің көркем екенін көрсеткім келді», – деді қатысушы Айша Алдамжар

Фестиваль шеңберінде өткен «Көктемнің нәзік гүлі» костюмдер байқауында түрлі гүл шоғындай киінген балалар сахнаны гүлзарға айналдырды. Ал «Менің қызғалдағым» атты плэнерде шығармашылық бірлестіктің жас суретшілері акварельмен дала гүлдерінің бейнесін қағаз бетіне түсірді.

 «Фестивальдің негізгі мақсаты –  өскелең ұрпақты қазғалдақ отаны Қазақстан дейміз, қызғалдақты қорғау. Балаларды табиғатты аялауға үйрету. Олар «ертеңгі күнге не қалдырып кетеміз?» деп ойлауы тиіс. Оқушыларға ой салу үшін осындай шараларды өткізу өте маңызды», – деді Оқушылар сарайы экологиялық-биологиялық бөлімінің жетекшісі Бауыржан Бектаев.

Оқушылар сарайының бастамасымен жүзеге асқан бұл экологиялық мереке – көктемнің көркі мен мазмұнын біріктірген тағылымды іс-шара. Келер жылы жасыл әлемді қадірлеуге үндейтін фестивальдің ауқымы артып, жаңаша мазмұнмен жалғасын таппақ.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек

Новости партнеров