Жамбыл облысында қара шыбын қаптап, тұрғындардың мазасы қашты. Даудың басы – қант зауытынан шыққан. Мұнда былтырдан қалған қант қызылшасы шіріп, салдарынан шыбын-шіркей қаптап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шолпан Бейсенқызы Ойтал ауылында туып-өскен. Оның айтуынша, елдімекен маңында қант зауыты орналасқанымен, биыл тынысы тарылып, жағымсыз иіс қаулаған. Салдарынан құрт пен ірімшік сатып, кәсіп еткен тұрғын жұмыс істеуден қалған. Себебі зауыт аумағынан шыққан қара шыбын ауылға тарап кетіпті.
«Дорбамыздың бетінің бәрі шыбын қаптап кетеді. Тіпті ішіне де кіріп кетеді. Содан кейін табақ, тарелка, құрт жайсақ бетіне үймелеп кетеді. Сондай жиіркенішті болып тұр», – деді Ойтал ауылының тұрғыны Шолпан Бейсенқызы.
Естеріңізге салайық, былтыр Меркі қант зауыты 480 мың тонна қант қызылшасын қабылдаған. Алайда оның 130 мың тоннасы өңделмей қалды. Салдарынан өнім шіріп, алаңда қоқысқа айналғані. Тұрғындар енді ауылдағы антисанитариядан ауру тарай ма деп алаңдаулы. Сондықтан әкімдіктен тәтті түбір қабылдайтын орынды көшіруді сұрап отыр.
«Есікті аша алмаймыз, үйімізге шыбын қаптап кетті. Шіріп жатыр, сасық иіс демалу мүмкін емес. Үйден шыға алмаймыз. Балаларды далаға шығарып ойнату қиын. Менің ойымша, шет жаққа көшірсе дұрыс болар еді», – деді Ойтал ауылының тұрғыны Камила Оспанова.
Ал аудан билігі зауыт маңындағы шіріген қызылшаға бірнеше рет залалсыздандыру жұмысын жүргізген. Ақыры қызылша қалдығын қоқыс алаңына тасып тыныпты.
«Адам күшімен жүргізіп көрдік, оның жәрдемі болмады. Орта техниканы қолдандық, одан да болмаған соң, мына өрт сөндіру мәшинесімен 12 тонна дәрі шаштық. Қандай да бір көлемі ауылдың ішіне таралғаны рас. Қазіргі таңда оның шығатын орнында жоқ», – деді Mеркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев
Аудан билігі «қызылша қабылдайтын орынды зауыттан алшақтату – тиімсіз шешім» дейді. Дегенмен биыл зауыт тек өңдей алатын көлемде ғана өнім қабылдайды. Сондықтан келеңсіз жағдай қайталанбауы тиіс.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысы тұрғынының үйінен есірткі зертханасы табылды