Бас шаһардағы мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылды
Ақтөбеде басталған аяз арқа өңірін де әбден әбігерге салып жатыр. Бүгінде республикада 10 жол учаскесі жабық. Ақ түтек боран салдарынан 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұйытқыған боран кешелі бері астаналықтардың берекесін қашырды. Қатты жел салдарынан қалада қозғалыс қиындаған. Автобустар мен көліктер көшеде кептеліп тұр. Үйдің шатыры ұшып, аялдамалардағы әйнек қоршаулар бүлінді. Ызғырық желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетеді. Болжам бойынша ертең де солтүстік пен орталыққа қалың қар түседі. Ауа температурасы -11 градус аяз күтіліп отыр.
"Ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Жауын – шашын жауып, қарға ұласады. Солтүстік жартысында боран, қар жауады. Елдің басым бөлігінде көктайғақ, екпінді жел мен тұман күтіледі. 7 қарашада республиканың көп бөлігінде қар жауады", – деді «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Кәмшат Катауф.
Ақ түтек боран салдарынан елдің 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды. «Қазавтожол» ақпарынша, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарында 10 жол учаскесі жабық. Қозғалыс шектеліп, азаматтарға сапарға шықпау ескертілді. Кешелі бері бас қаланың коммуналдық қызмет мамандарына да тыным жоқ. Көшелерден айлық норма қалдық шығарылған. Қар тазалауға 2000-нан астам жол жұмысшысы мен 750-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.
"Осы тәулікте «Астана тазалық» мекемесі 246 техника жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы 483 жол жұмысшысы қар тазалады. Өткен тәулікте 513 тонна реагенттер қолданылды", – деді "Астана тазалық" ЖШС бас маманы Тимур Ахметов
Ұйытқыған жел оқушыларды да үйден шығармады. Қолайсыз ауа райына байланысты бас шаһардағы мектепте сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. 1-7 сыныптың шәкірттері үшін оқу қашықтан өтті. Боран мен қатты жел көктегі сапарды шектеді. Air Astana әуе компаниясының кеше кешке жоспарланған бірнеше рейсі ұшпай қалған. «Қазгидромет» мамандары бүгін-ертең тек бас шаһарда ғана емес, бүкіл ел бойынша тұрақсыз ауа райы сақталады деп отыр. Жауын-шашынның соңы қалың қарға ұласуы мүмкін.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Су тасқынына дайындық: Бектенов жергілікті жерлердегі жұмыс қарқынын сынға алды