Қазақстанда дәрумендер сатылымы 47 пайызға қысқарған

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар көбіне импорттық өнімдерді таңдайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның ішкі нарығында дәрумендер сатылымы 47 пайызға қысқарды. Егер өткен жылы қаңтар-тамыз аралығында 232 тонна өнім саудаланса, биыл 8 айда 123 тонна дәрумендік препарат сатылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар көбіне импорттық өнімдерді таңдайды. Биыл қаңтар-тамыз аралығында фармацевтика нарығындағы шетелдік препараттар үлесі 98,6%, ал отандық өндіріс бар болғаны 1,4%. Өндіріс көлеміне тоқталар болсақ, биыл 8 айда 2 млн тоннаға жуық провитамин мен дәрумендер өндірілсе, өткен жылы осы кезеңде бұл көрсеткіш 1 тоннаға жеткен.  Бір жылда өсім – 69,1 пайызды құрайды.  Витаминдер сияқты биологиялық белсенді қоспалардың өндірісі мен сатылым динамикасын салыстырар болсақ, отандық фармацевтикалық зауыттар нарықтағы сұранысты қамти алмай отыр. Мәселен 2021 жылы елде дәрумен тұтыну 41,8 пайызға артса да, өндіріс іс жүзінде тоқтап қалған. Фармацевтикалық компаниялар 5 тонна препарат өндірудің орнына небәрі 100 келі ғана шығарған.

Сарапшылардың пікірінше, фармацевтика нарығының дамуын бірнеше фактор тежейді. Біріншіден, бұл – саладағы шамадан тыс реттеу және препараттарды Еуразиялық экономикалық одақ ережелеріне сай тіркеу қажеттілігі. Мәселен, биологиялық белсенді қоспалар дәрі-дәрмек емес арнайы тағамдық өнім ретінде саналса да, олар мемлекеттік тіркеуден өтіп, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) сайтындағы Бірыңғай тізімге енгізілуі тиіс. Екіншіден, онлайн-арналар арқылы сатылатын контрафактілік өнімнің көбеюі. Үшіншіден, жоғары бәсекелестік. Шетелдік брендтер бірнеше жылдан бері Қазақстан нарығында өнімдерін жарнамалап, танылып үлгерген. Сала мамандарының айтуынша, көпшіліктің дәрумендерді аз пайдалануы коронавирус пандемиясының аяқталуымен байланысты болып отыр.

"Коронавирустан кейінгі уақыт және бүгінгі күнді салыстырсақ, дәрумен қаолданатындар азайды. Коронавирустан кейін адам денсаулығын қалыпқа келтіру үшін витаминді көбірек алған, қазір жағдайы жақсы болғандықтан алмайды", – деді  "Фармацевтика және медициналық ұйымдар қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Хадиша Әлжанова.

Маманның айтуынша, отандық препараттарды шығару оңай шаруа емес. Алдымен өндірістен шыққан өнім клиникалық тексерістен өтуі тиіс. Содан кейін ғана халықтың пайдалануына шығарады.

Ал Қазақстан нарығындағы провитамин және дәрумендердің басым үлесі Ресей және Қытайлық препараттарға тиесілі. Олар елдегі импорт көлемінің 42,5 және 36,8 пайызын құрайды. Қазақстандықтар осы елдерден шығатын дәрумендерге 1 млн доллардан астам ақша жұмсаған. Ұлттық статистика бюросының мамандары жүргізген зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың фармацевтикалық өнімдерге деген шығыны артқаны байқалады. Биыл бірінші тоқсанның өзінде орта есеппен әр отбасы дәрі-дәрмекке 12 мың теңге жұмсаған.

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды

Новости партнеров