Қолайсыз ауа райы: республикалық барлық жол-көлік қозғалысы ашылды

08.11.2024 21:38

Жол бойында мобильді санитарлық тораптар, жылыту бекеттері бар

Еліміздің бірқатар аймағында ауа райының кесірінен жабылған жолдар біртіндеп ашылып жатыр. Кеше ғана 17 өңірде дауылды ескерту жарияланған. Қазір сол аймақтардағы ахуал қалай? Ақ түтек басылып, қалыпты жұмыс режимі орнады ма? Cауалдарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы "ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахмет жауап береді.

– Таңертең 2 өңірде жол ашылды деп хабарладыңыздар. Қалған облыстарда жағдай қалай болып тұр? Қозғалыс реттелді ме?

"Республикалық жолдарға келетін болсақ, барлық жолда көлік қозғалысы ашылды. Соңғы 2 тәулікте еліміздің Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бірқатар республикалық жолдардың учаскелеріне уақытша шектеу қойған болатынбыз. Еліміздің республикалық жолдарын күтіп ұстау үшін 2600-ге жуық техника, 5000-нан аса жұмысшы жұмылдырылған. Қар жауған кезде қарды тазалап, арнайы химиялық реагенттерді төсеп, жол бойында көктайғаққа қарсы шараларды қолдануда. Мақсат – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екінші кезекте азаматтардың қолайлы қозғалуы үшін жолды таза ұстап уақытылы қызмет көрсетуіміз керек".

– "ҚазАвтоЖолдың"  биылғы дайындығы қандай? Жол күрелмей жатыр деп ертең ел шуламай ма?

"Бірінші кезекте қарды тазалаймыз. Қарды, мұзды тазалайтын арнайы техника бар. Бұдан бөлек, басқа да химиялық реагенттер төсеп, тәулік бойы жолды таза ұстап отырамыз. Республикалық жолдардың бойында мобильді санитарлық тораптар соқтық, жылыту бекеттері бар. Ол жерде кез келген жолаушы тоқтап, демалып, сонымен қатар жол бойында қызмет көрсету нысандарында шәй ішіп, боран басылғанша отыра алады. Сонымен қатар біз "ҚазАвтоЖол" компаниясының телеграм арнасында уақытылы жол туралы мәліметтерді салып отырамыз. Азаматтар алыс сапарға шықпас бұрын бірінші кезекте жолдағы ауа райы жағдайын біліп, екінші кезекте көліктерін қысқа мерзімге дайындап, жылы киімдерін алып шығуды ұсынамыз. Қажет болған жағдайда 1403/10002 нөмеріне хабарласып көмек сұрауға болады".

Оқи отырыңыз: Алматы көшелерінің бірінде қозғалыс шектеледі