Жетісу облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» автожолы жабылды. Көктұма стансасынан Достық ауылына дейінгі аралықта барлық көлік түріне қозғалыс шектелген. Осы күні елдегі халықаралық трассаларды 500-ден аса техника мен 1500-ден астам маман тазартып жүр. Қыстың көзі қырауда жолда қалғандарға құтқарушылар қандай көмек береді? Мамандар нені ескертеді? Мәселеге қатысты сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Марат Амантай жауап береді.
– Марат Мақсатұлы, қыс басталғалы еліміздің тас жолдарында неше адам құтқарылды?
"Қысқы кезеңнің басынан республика аумағында 600-ден аса адам құтқарылып эвакуацияланды. 100-ден аса техника қар құрсауынан шығарылды. Авариялық құтқару жұмыстарына құтқару бөлімшелерінен 400-ден аса адам мен 200-ден аса техника жұмылдырылды. Қазіргі кезде ең күрделі қарлы учаскелер республиканың солтүстік өңірлерінде, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарында орналасқан".
– Жолда қалған адамдарды құтқару кезінде мамандар қандай қиындықтармен бетпе-бет келеді? Қыста жолға шыққан қазақстандықтар нені ескеруі керек?
"Авариялық құтқару жұмыстарын жүргізген кезде құтқарушылар төмен температура, көріну мүмкіндігінің төмендеуі және де жауын-шашынның жоғары жауынмен кездеседі. Сонымен қатар жүргізушілерге қысқы кезеңде жол ережелерін сақтау, 112 нөмірінен келген смс-хабарламаларды ескерусіз қалдырмау қажет".
Оқи отырыңыз: Алматы облысы Талғар қаласында 50 отбасына пәтер кілті табысталды