Алматыда жыл басынан бері 30-дан аса экономикалық қылмыс тіркелді. Соның ішінде азаматтарды арбап, қаражатын қолды қылатын 2 қаржы пирамидасы жойылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көлеңкелі экономика – еліміз үшін әлі де негізгі сын-қатерлердің бірі болып қала береді. Ең алдымен, түсінікті болу үшін айта кетейік. «Көлеңкелі экономика» дегеніміз – ресми статистикаға енбейтін, салықтан жалтаратын және мемлекеттік бақылаудан тыс жүзеге асырылатын заңсыз немесе тіркелмеген қызмет түрі. Ол қаржы пирамидалары мен контрабанда, сыбайлас жемқорлықтың гүлдене түсуіне ықпал етеді. Салдарынан бюджетке кіріс азаяды, салық түспейді, әлеуметтік төлемдердің мөлшері төмендейді. Бір сөзбен айтқанда, экономиканың әлсіреуіне, инфрақұрылымның дамымауына, халықтың жағдайының нашарлауына айтарлықтай әсер етеді.
«Көлеңкелі экономика қай салада басым?» деген сұрақ туындайды. Ең бірінші - «құпия» жұмыс істеп, табысын жасыратындар – қызмет көрсету саласында жүргендер. Атап айтсақ, құрылыс, көлік, сұлулық салондары, жеке кеңес беру секілді кәсіппен айналысатындар заңсыз әрекеттерге жиі баратын көрінеді. Олар көп жағдайда жұмысшыларды ресми тіркемейді, салықтан жалтарады, жалақыны қолма-қол төлейді және қызметін арзан бағада ұсынады. Салдарынан жалданушылардың құқығы жиі бұзылады, еңбек шарттары нашарлайды.
Екіншісі – тауар өндіру саласы. Оған – контрафактілік өнімдер, сапасыз құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмектерді заңсыз өндіру жатады. Мұндай тауарлар арзан бағада қолжетімді болғанымен, тұтынушылардың өміріне қауіп төндіреді. Десе де, осындай заңсыз әрекеттерге қарсы қарқынды жұмыстардың нәтижесінде олардың үлесі азайып келеді.
2020 жылы қызмет көрсетудегі көлеңкелі экономиканың үлесі 15 пайыздай болса, 2024 жылы 11,53 процентке түскен. Ал тауар өндірудегі заңсыздық деңгейі 202жылы 0 -да 5,19, ал 2024 жылы 5,18 пайызға дейін төмендеген.
«Алма піс, аузыма түс» деп, оңай олжалы болғысы келетіндердің аз емес екені белгілі. Десе де, құзырлы органдар қол қусырып, қарап отырған жоқ. Мемлекет «айласын асырып, пайдасын жасырып» жүргендердің жолын кесу үшін ауқымды үш жылдық жоспар әзірлеген. Онда 2027 жылға дейін көлеңкелі экономиканың үлесін 14, ал 2028 жылы 13,8 пайызға дейін төмендету көзделген. Құжатта ең алдымен, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, сауда, білім беру, құрылыс пен ауыл шаруашылығы секілді негізгі 5 салаға басымдық беріліп отыр. Негізі соңғы 8 жылда көлеңкелі экономиканың үлесі айтарлықтай азайып келеді.
Мәселен, 2019 жылы көрсеткіш 24 пайыздың төңірегінде болса, бүгінде ол 14,5 процентке дейін түскен.
Айта кетейік, 2024 жылы осындай заңсыздықтарға қарсы іс-әрекеттің арқасында қазынаға түспей қалуы мүмкін болған 1,2 триллион теңге кері қайтарылған. Аталған жұмыстар Алматы қаласында да қарқынды жүзеге асып жатыр. Мәселен, соңғы жарты жылдың ішінде вэйп сататын 7 интернет дүкеннің қызметі тоқтатылып, 20 мыңнан аса өнім тәркіленіпті. Бұдан бөлек, ойын бизнесі мен қаржы пирамидалары да жойылуда.
«Биыл үш айда 30-дан аса экономикалық қылмыстық іс тіркеді. Бұл қылмыстық істер көбінесе, қаржы саласында, одан бөлек, көлеңкелі экономика саласында анықталған болатын. Айта кететін болсақ, биыл 3 айда 2 қаржы пирамидасына күдікті фирмаларға қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Бұл «Boxy Wealth» және «NBC TV» деген қаржы пирамидаларына күдікті деп танылған жобалар болатын», деді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.
Ал Қазақстандағы көлеңкелі экономиканы халықаралық деңгейде салыстыратын болсақ, еліміздің үлесі кейбір дамыған мемлекеттерге жақындап келеді. Бүгінде біздегі көрсеткіш 14 пайыздың төңірегінде болса, Швейцария мен АҚШ-та 6-дан 8 пайызға дейін ғана. Кей елдерде ол 30 проценттен асып жығылады. Бұл ретте, халықаралық институттар көлеңкелі экономикамен күресу үшін мынадай шараларды қабылдауды ұсынады.
Ең алдымен, салық салуды жеңілдету қажет екен. Бұл кәсіпкерлерді заңды түрде тіркелуге ынталандырады. Екінші, құқық қорғау органдарын күшейту керек. Бұл бизнес пен жұмысшыларды заңсыз әрекеттерден қорғайды. Үшіншіден, ақпараттық науқандарды жиі жүргізген абзал. Өйткені, азаматтар өз құқығы мен міндетін дұрыс біледі. Тағы - еңбек шарттарын реттеу маңызды екен. Сонда ғана, қазынаға қосымша қаражат түседі, инфрақұрылым мен әлеуметтік бағдарламалар қаржыландырылады. Кәсіпкерлер үшін ашық бәсекелестік орнап, жаңа жұмыс орындары құрылады, тұтынушылар сапалы өнім алады. Бұл өз кезегінде инвестиция мен инновациялардың елге келуіне және халықтың әл-ауқатының артуына мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: ШҚО-да бопсалау дерегі бойынша күдікті ұсталды