Көлік министрлігі жүргізушілерге шұғыл ескерту жасады
Қолайсыз ауа райы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен қатар, жергілікті жолдардағы жағдайға да әсер етуі мүмкін
Алдағы күндері Қазақстанда өңірлер арасындағы ауа температурасының айтарлықтай айырмашылығына байланысты ауа райы тұрақсыз болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде ауа райының қолайсыздығы күтіледі. Жаңбыр аралас қар және қар жауып, ауа температурасы төмендейді, жел күшейіп, көріну қашықтығы нашарлауы мүмкін.
Қолайсыз ауа райы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен қатар, жергілікті жолдардағы жағдайға да әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда жолдағы ахуал күн ішінде өзгеруі ықтимал. Ауа температурасы төмендеген кезде жолдың ылғал жабыны тайғақ болуы мүмкін, ал жауын-шашын мен тұман көріну қашықтығын төмендетеді. Осыған байланысты жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықтықты сақтап, күрт маневрлерден аулақ болу маңызды.
Көлік министрлігі әрбір сапар алдында:
- ауа райы болжамымен және бағыт бойынша жолдардың жағдайымен алдын ала танысуды;
- сапар уақытын ауа райы жағдайын ескере отырып жоспарлауды;
- белгіленген жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауды;
- көпірлерде, жол өткелдерінде және ашық учаскелерде ерекше сақ болуды;
- ауа райы күрт нашарлаған жағдайда сапарды мүмкіндігінше кейінге қалдыруды ұсынады.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін «ҚазАвтоЖол» call-орталығынан 1403 нөмірі арқылы алуға болады.
Ауа райы болжамы мен жолдағы жағдайды бақылап, сапарды жоспарлау кезінде ауа райының өзгеруін ескерген жөн.
Оқи отырыңыз: Пойыздарда жолаушыларға арналған интернет тегін бола ма