Қосымшаға көліктің VIN-кодын енгізсеңіз жеткілікті
Ел тұрғындары темір тұлпар аларда еш алаңсыз шешім қабылдай алады. Себебі «ЦОН» мобильді қосымшасында «көлік тарихы» аталатын жаңа қызмет түрі іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңадан енгізілген қызметтің бұл түрі Қазақстанда тіркелген автокөліктер жайлы толық ақпарат береді. Тұрғындарға темір тұлпарға қай уақытта кімнің иелік еткені жайлы дерек ұсынылады. Жүргізушілер көкейіндегі сұрақтардың жауабын бір қосымша арқылы алады.
«Автокөілкке байланысты мәліметті қамтиды. Бұл – мемлекет тарапынан азаматтарға арналған мүмкіндік. Көліктің тарихын қарап, мәліметтерді зерттеп, сатып ала алады», – деді № 1 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы Бауыржан Дәулетқалиев.
Көлік аларда қосымша қызметіне жүгінгіңіз келсе, бір реттік тексеріс үшін 500 теңге төлейсіз. Ал 10 темір тұлпардың дерегін көргіңіз келсе - 4500, бірден жиырмасын қарасаңыз – 8000 мың теңге беру қажет. Ал жүргізушілер бастаманың тиімді екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, жүйе автокөліктің заң жүзінде еш берешегі жоқ екенін біліп, «тазалығын» тексеруге, алаяқтықтың жолын кесуге көмектеседі.
«Ыңғайлы. Бұрын көлікті тексеру үшін базадан шығартып, тексеретінбіз. Қазір оның барлығы қолымызда, өзіміз-ақ тексеріп, көре береміз», – деді қала тұрғыны Дархан Кәрменов.
«Көлік жол апатына түсті ме, боялды ма? Осы тұрғыдан өте тиімді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Арман Сәкенұлы.
Қосымшаға көліктің VIN-кодын енгізсеңіз жеткілікті. Жүйе көз алдыңызда темір тұлпарға қажетті деректің барлығын шығарып береді. Берер минуттан соң, көліктің тарихы жазылған құжат қолыңызда болады. Жаңадан енгізілген қызметтің бұл түрі – цифрландырудың игілігі. Мамандардың айтуынша, бастама жүргізушілер үшні қолайлы, ал автонарық үшін қауіпсіздіктің деңгейінің жаңа түрін көрсетеді.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Кітап оқитын ұлт: Қарағанды облысында байқауға басталды