Кітап оқитын ұлт: Қарағанды облысында байқау басталды

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп айрықша атап өткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысында республика бойынша алғаш рет «Кітап оқитын ұлт» байқауының пилоттық жобасы іске қосылды. Бәсі биік бәсекеге оқушылар мен студенттер, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер мен отбасылық командалар қатыса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп айрықша атап өткен.

«Ұялы телефонға телміріп, әлеуметтік желіге жіпсіз байланған заманда халыққа кітап оқыту қиындық тудыратын шығар» деп жауаптылардың да күпті көңілі алаң болғаны жасырын емес. Бақытгүл Әбдікерова «алғашқы күннен-ақ байқауға жұрт тарапынан алма-кезек түскен сұрақтар мен өтініштер күмілжіген күдікті бірден сейілтті» дейді. Әр санат бойынша тіркелгендер қатары күн санап артуда. Бүгінде олардың саны 60 мыңнан асып жығылады.

«Жоба құндылығымен ерекше. Қазіргі таңда облысымызда мектеп оқушылары, ата-аналар,  педагогтар, жоғарығы білім беру ұйымдары, университет, колледждер қызығушылық танытып, жоба аясындағы «кітап оқитын ұлт боламыз» деген жанашыр жандар тіркеліп жатыр», – деді облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Бақытгүл  Әбдікерова. 

Байқау «кітап оқитын мектеп, колледж, университет, педагог, әулет және кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» атты алты бағыт бойынша өткізіледі. Сарапшылар мен тиісті сала өкілдерінің ұсыныстары бойынша әр бағытқа сәйкес 15 кітаптан тұратын тізім әзіріленген. Тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама нәтижесіндегі таңдаулы шығармалар енгізілген.

«Кітап оқитын университет» жобасы қатты ұнады. Жұмадан бастап кітап оқуге кірістік. Ұрпақтың тәжірибе алмасуына пайдалы, заманауи жоба болып саналады», – деді  Қарағанды индустриялық университетінің кітапхана меңгерушісі Айнұр Әбешева.

«Керемет жоба деп есептеймін. Сондықтан белсенді қатысамыз. Біздің мектеп сайысқа дайын», – деді №4 жалпы білім беретін мектептің директоры Назира  Ілиясова.

«Кітап оқу жобасы жастарға қолайлы уақытта қолға алынып отыр. Жастарға кітап оқу керек деп санаймын», – деді студент Жасмина Тұрғынбаева.

Әзірге қатысушылар саны бойынша көшті Қарағанды қаласы бастап тұр. Шахтинск, Теміртау, Балқаш қалалары мен Шет, Бұқар жырау және Осакаров, Нұра аудандары да намысты қолдан бермеуге тырысып бағуда.

Байқау биыл қыркүйекте басталып, келер жылдың наурызына дейін жалғасады. Жеңімпаздарға қаржылай қомақты сыйақы беріледі.

Дегенмен діттеген мақсат – жүлделі болу емес, тұрғындардың  зияткерлік әлеуетін арттыру. Кітап оқуға деген дағды қалыптастыру.

Жанбота Бейсембайұлы, Құралай Рысбекқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Үркер: Алматыда болашақ көшбасшыларды даярлайтын орталық ашылады

Новости партнеров