Көлікке жалған нөмір таққандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

06.05.2026 21:56

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Енді көлікке жалған нөмір таққандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов осылай деді. Қолданыстағы заңға сай, мемлекеттік нөмірді қолдан жасағандар мен оны сататындар ғана жаза арқалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Темір тұлпарына жалған нөмір тағып алып, заңды белшеден басып жүретіндер бар. Олардың бұл бассыздығы тек жол-көлік оқиғасы болған жағдайда ғана анықталады. Депутат Бақытжан Базарбек осылай деп отыр. Ол мемлекеттік нөмірді қолдан жасап, сататындармен ғана күресе бермей, біле тұра көлігіне тағып алатындардың да жазасын қатаңдатып, қылмыстық жауапқа тарту керек деп санайды. Сөзінше, ондай адамдар тек 64 мың 875 теңге айыппұлмен құтылады екен.

«Жалған мемлекеттік нөмірді көлікке тағып жүру ауыр құқық бұзушылыққа ұқсайды. Бірақ қазіргі заң бойынша ол қылмыс емес, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабына сай, жалған нөмірді пайдаланған адамға 15 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. 15 айлық есептік көрсеткіш деген не? Ол айыппұлды төлейді де, жүре береді. Егер қайталанса, 20 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылған», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәселенің өзекті екенін мойындайды. Айтуынша, жалған нөмірлерді көбіне қылмыстық топтар құйтырқы әрекетін жүзеге асыру үшін қолданады екен. Вице-министр темір тұлпарларына қолдан жасалған нөмір тағатындарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз бар дейді.

«Жол-көлік оқиғаларына қатысты жағдайларда да жалған нөмірлер қолданылған фактілер бар. Қылмыстық жауапкершілік тікелей нөмірді қолдан жасау үшін қарастырылған. Шын мәнінде, Қылмыстық кодекстің 385-бабына ұқсас түрде, қолдан жасау ғана емес, оны пайдалану үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыруға негіз бар. Мемлекеттік тіркеу нөмірі жол қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Депутаттар Ішкі істер вице-министріне сұрақты жаңбырша жаудырды. Мәжілісмен Мақсат Толықбай автомектептерде күмәнді төлемдердің барын айтады. Ол туралы халықтан шағымдар көптеп келеді. Сөзінше, аталған орталықтар азаматтардан оқу ақысынан бөлек, қосымша төлем талап ететін көрінеді. Әр адамнан 8500 теңгеден алынатынын айтқан депутат, бұл қаражат автомектепке де, мемлекетке де түспейтінін айтып, Санжар Әділовтен миллиардтардың қайда кетіп жатқанын сұрады.

«Жылына шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігіне тапсырады. Әрқайсысы 8,5 мың теңгеден төлесе, бұл жылына 5,6 миллиард теңге деген сөз. Бірақ сол 5,6 миллиард теңге кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бұл ақша Үкіметке де түспейді. Бұл ақша ІІМ жүйесіне де түспейді. Ашық есепте жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл қаражат шетелде тұратын «А» есімді жекелеген тұлға бар. Соның қалтасына түсіп жатыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай.

Мақсат Толықбай есімін жасырып,  «А» деп қана атаған азаматтың кім екенін Санжар Әділов те айтпады. Тек бұл мәселе бойынша тексеріс басталғанын мәлімдеп, қысқа қайырды.

Автомектептерге мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Енді олар тек арнайы рұқсат алғаннан кейін ғана жұмыс істейді. Ал оны алу үшін қажетті база, оқу алаңы, көлік және кәсіби мамандар болуы керек. Одан бөлек, жүргізушілерді оқытатын орталықтардың тізімі жасалады. Оны Ішкі істер министрлігі қадағалайды. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Мегаполисте түнгі рейд барысында ондаған жасөспірім полицияға жеткізілді