Тексеру кезінде компьютерлік клубтардың қызметіне ерекше назар аударылды
Алматы қаласында түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды анықтауға бағытталған профилактикалық рейд өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шараның негізгі мақсаты — заңды өкілдерінсіз түнгі мезгілде үйден тыс жүрген және ойын-сауық орындарында болған жасөспірімдерді анықтау.
Рейд барысында полиция бөлімшелеріне 47 кәмелетке толмаған жеткізілді. Олардың ішінде өзге өңірлерден келген 10 жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Тексеру кезінде компьютерлік клубтардың қызметіне ерекше назар аударылды. Нәтижесінде үш мекемеде кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз болғаны анықталды. Аталған орындардан барлығы 10 жасөспірім табылса, оның алтауы басқа өңірлерден келген.
Анықталған деректер бойынша ойын-сауық орындарының иелеріне қатысты кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болуына жол бергені үшін әкімшілік материалдар рәсімделді. Сонымен қатар, балаларын тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамаған ата-аналар мен заңды өкілдер де жауапкершілікке тартылды.
Жалпы рейд қорытындысы бойынша 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 4 дерек — кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуы бойынша, 34 дерек — жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүруі бойынша тіркелді.
Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралардың басты мақсаты — жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
- Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің бақылауынсыз жүруі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Ата-аналарды балалардың қайда және кіммен жүргеніне жіті назар аударуға шақырамыз, — деді ол.
Оқи отырыңыз: Елімізде мобильді аударымдар тексеріле бастады