Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар саны 15 пайыз азайған
Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар саны 15 пайыз азайған. Зардап шеккендер 6 процентке, ал жол-көлік оқиғаларының жалпы көрсеткіші 5 пайыз төмендеген. Мұндай ақпаратты Үкіметте Ішкі істер министрі айтты. Ержан Сәденовтің сөзінше, қаза тапқандардың тең жартысы республикалық маңызы бар жолдарда бақилық болған. Әсіресе «Алматы-Ташкент» трассасында өлім көп тіркеліпті. Мұнда 60 адам көз жұмған,деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Үкімет жолдағы қауіпсіздікке мықтап ден қойып отыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов апаттарды азайту үшін көліктерге бақылауды күшейтпек. Енді темір тұлпарын сегіз сағаттан артық тізгіндеген жүргізушілерді жасанды интеллект анықтайды. Еліміздің бас полицейі көлік ұрлағандарды, жалған нөмір таққандарды және ережені бұзғандарды автоматты түрде әшкерелейтін жүйелерді дамытуды қолға алған. Көкте қалықтаған дрондар да, жол бойындағы мобильді кешендер де бұл істе айтарлықтай септігін тигізіп отыр екен. Сондай-ақ Сәденов жол ережесін елемейтін жүргізушілермен күресу үшін балдық жүйені енгізбекші.
«Қазіргі уақытта, айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олар күнделікті анықталады. Күресу мақсатында «баллдық» жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол – әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін – жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Қазіргі таңда тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгізетін боламыз», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов
Түн тыныштығын бұзып, көшеде қатты жүретін мотоцикл мен автокөлік иелері Премьер Олжас Бектеновке де ұйқы бермесе керек. Үкімет басшысы мәселені Сәденовтің алдына жайып салды. Министр түйткілдің барын жасырмады. Сөзінше, жыл басынан 372 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 55-і қамауға алынған. Олардың көліктері мен мотоциклдері айып тұрақтарына қойылған. Ведомство басшысын тыңдаған Премьер мәселенің нүктесін өзі қойды.
«Оларға айыппұлмен шектемей, қамау керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов
Сәденовтен кейін сөз алған Көлік министрі Сауранбаев республикалық жолдардың 11 мың шақырымнан астамы бірінші және екінші санатқа ауыстырылғанын айтты. Сөзінше, бұл қарсы бағытта келе жатқан автомобильдердің соқтығысу қаупін азайтқан. Қазір көлік ағындарын бөлу үшін 1,5 мың шақырым жолда реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Премьер-министр жол сапасына қатысты әлі де шешімін күткен мәселе көп екенін атап өтті.
«Жол сапасы төңірегінде мәселе өте көп. Жуырда Мемлекет басшысы да қатты сын айтты. Тәртіп орнатыңыздар», – деді Олжас Бектенов.
Елдегі ақылы жолдарға жауапты Дархан Иманашев та Премьерге баяндама жасады. Ол республикалық жолдардағы апат пен қаза тапқандардың саны азайғанын айтып, трассаларда 46 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылғанын, 3 мың шақырым қоршау және 530 арнайы өткел салынғанын жеткізді. Жыл соңына дейін 2 мың шақырымнан астам жолды жөндеп, пайдалануға беретінін жайып салды. Алайда, Үкімет басышысы тап-тұйнақтай жазылған баяндамадағы сандарға емес, әлі де шешімін таппай тұрған мәселелерге назар аударды. Ол Иманашевқа жағдайды түземесе, жайлы креслосымен қоштасатынын бүкпесіз айтты.
«Баяндама жақсы, бірақ шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы жоқ, жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады. Ұқтыңыз ба?» – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Премьер Олжас Бектенов жауаптыларға жол ережесін қасақана бұзатындарға қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Ол мұндай жүргізушілерге айыппұл төлейтін кезде жеңілдік бермей, керісінше, қайталаған жағдайда оның мөлшерін еселеп арттыру керек деп отыр. Сондай-ақ барлық камераның жұмысын тексеріп, рөлде телефон қолданатындарға бақылауды арттыруды міндеттеді. Ал өңір әкімдері жол маңында жайылып жүретін мал иелерімен жұмысты күшейтуі тиіс.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Рұқсатсыз граффити салатындарға жауапкершілік күшейтіледі – ІІМ