Көмек сұрау әлсіздік емес: әлемде әйелдерге қарағанда ерлер өзіне жиі қол салады

Психологтардың айтуынша, биылдың алғашқы бес айында мұндай қызметтерге үш мыңға жуық өтініш түскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ерлер өзіне-өзі қол жұмсауды әйелдерге қарағанда, 4 есе жиірек жасайды. Бұл – Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Қиын жағдайға тап болып, өлім жайлы ойлар мазалайтын жандармен Алматыдағы Психикалық сауықтыру орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл мекемеде қатты күйзеліс пен психологиялық дағдарысқа ұшыраған, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсау қаупіне тап болған адамдар ем қабылдайды. Соның бірі – алматылық бойжеткен. Аты-жөнін құпия сақтауды жөн көрген бикеш біраз уақыт бойы өмірден түңіліп, сан түрлі ойлар мазалағанын айтады. Сол сәтте клиниканың көмегіне жүгініп, сауығуды қолға алыпты.

«Әртүрлі ой мазалай берген соң психологыма хабарластым. Ол бірден жауап беріп, осы орталыққа жіберді. Мұндағы дәрігерлердің бәрі – өз ісінің маманы. Қажетті көмектің бәрін алдым. Бұл жерде менің ұйқы режиміме, тамақтануыма да ерекше көңіл бөледі», – деді бойжеткен

Ауыр күйзелістен жапа шегіп, орталыққа ем қабылдауға келген науқастардың бірі – алаяқтардың құрбанына айналған әйел. Дипфейк технологияларын пайдаланған қаскөйлер оның депозитіндегі қаражатты иемденіп, атына бірнеше миллион теңге несие рәсімдеген. Бұл ақша ұлының оқуына жиналған екен. Ол соның салдарынан біраз уақыт күйзеліске қарсы дәрілер ішуге мәжбүр болған.

«Жұмысқа деген қызығушылығым бірте-бірте жоғала бастады. Үнемі мазасыз боп жүрдім. Үрей ұстамасы мен дене дірілі басталды. Мұны жұмыста білдіруге болмайтын. Барлығын ішіме бүгіп жүрдім. Кейін психиатрға жүгіндім. Осында келгеннен бері бірде-бір үрей ұстамасы болған жоқ. Денемнің дірілдейтіні де әжептеуір басылды», – деді келіншек

Дәрігерлердің айтуынша, ер адамдар өз-өзіне қол жұмсауға әйелдерге қарағанда төрт есе жиі барады. Адамдар көбіне қаржылық қиындықтарды, жалғыздықты, жұмыссыздықты, отбасылық жанжалдар мен әлеуметтік қысымды еңсере алмағандықтан осындай қадам жасайды.

«Ең жиі кездесетін белгілердің бірі – ұйқының бұзылуы. Сондай-ақ тәбеттің өзгеруі байқалады. Суицидтік мінез-құлықтың бірнеше түрі бар. Оның ішінде демонстративті, аффективті және аяқталған суицид болады. Әйелдер эмоцияға бейім болғандықтан, көбіне аффективті және демонстративті әрекеттерге жиірек барады», – деді Психикалық сауықтыру орталығы жедел әрекет ету суицидологиялық қызметінің жетекшісі Мария Токарева.

Күйзеліске түскен адамдар тегін жұмыс істейтін сенім телефондарына хабарласа алады. Психологтардың айтуынша, биылдың алғашқы бес айында мұндай қызметтерге үш мыңға жуық өтініш түскен. Көбіне өздері ем қабылдап жүрген адамдар мен олардың жақындары хабарласады. Мұндай қызметке жүгініп, көмек сұрайтындардың басым бөлігі – 18 бен 35 жас аралығындағылар. Мамандардың сөзінше, орталыққа тәулігіне 30 адам қоңырау шалады. Оған қоса, мұнда мектеп оқушыларына, студенттерге, әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының мамандарына психологиялық дағдарыстың белгілерін анықтау және өз-өзіне қол салудың алдын алуға бағытталған оқыту семинарлары өткізіледі.

«2026 жылдың алғашқы бес айында осы бағытта 800-ден астам әскери қызметкерге, 1200-ден астам ішкі істер органдары қызметкеріне дәріс оқыдық. Сонымен қатар 7 мыңнан астам жасөспірім мен оқытушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік», – деді Психикалық сауықтыру орталығы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Нәби Есімов.

Мамандардың айтуынша, көмек сұрау – әлсіздіктің емес, өмір мен психикалық саулықты сақтауға деген жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан қиындықпен жалғыз күреспей, дер кезінде қажетті орталықтың көмегіне жүгіну маңызды.

Айдана Шалқар, Аида Иманәлі,  Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында жол апатынан 3 адам қаза тапты

Новости партнеров