Композиттік газ баллондары несімен тиіміді - ТЖМ жобаны таныстырды

04.05.2026 20:12

Соңғы 3 жылда елімізде газ баллондарының жарылуынан 27 адам қаза тауып, 110 адам зардап шеккен. Қайғылы статистиканы азайтуға бағытталған жоба Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновке таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомство басшысы Алматыда өндірістік кәсіпорын өкілдерімен кездесіп, отандық композиттік газ баллондарын шығару мәселесін қарады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл баллондар дәстүрлі болат баллондарына қарағанда қауіпсіз: олар коррозияға төзімді және қатты қысым кезінде қауіпті жарықшақтар шашпайды. Сондықтан жаңа өндіріс тұрмыстағы қауіп-қатерді төмендетудің маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр.

«Ол жарылысқа өте төзімді. Мың градуста, ішіндегі лайнері еріп кеткен күннің өзінде де, шыны талшықтарынан жасалған арнайы каркасы жарылмайды. Тек қана ішіндегі лайнер еріп кеткен кезде, газ сыртта шықса, баллонның клапынынан шығып жатқандай газ жанып, таусылады», – деді жоба жетекшісі Жалынбек Жайнарбай.

Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіз балама өнім шығарумен шектелмей, газ баллондарын пайдалану тәртібін де күшейтуді көздеп отыр. Себебі, мерзімі өткендерінің қолданыста болуы және олардың техникалық жағдайын бақылайтын бірыңғай жүйенің жоқтығы – өзекті мәселе. Алдағы уақытта баллондарды есепке алу, қадағалау, толтыру және пайдалану тәртібіне қатысты нақты шаралар қолға алынбақ. Бұл – жарылыс қаупін азайтып қана қоймай, әр баллонның қайда, қашан және қандай жағдайда қолданылып жатқанын бақылауға мүмкіндік бермек.

«Нақты нәтижесін 8 айдың төңірегінде, бірінші цех ашылады, өндіріс басталады. Одан кейін мүмкін, тағы да бір басқосып, осының бәрін талдап, ары қарай қозғалатын боламыз.Біздің ойымызша бұл баллондарды адам өз еркімен алатын болады. Өйткені, бұл біріншіден қауіпсіздік. Екіншіден, маркировкасы болады. Бүкіл заманауи шешімге сай, әр адам сол шешімді қабылдайды деген ойдамын», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Оқи отырыңыз: Астанада тұрғын үй ауласында баланы көлік қағып кетті