Көне сарайдағы көмбе: аралдық тұрғын ескі жәдігерлердің музейін ашты

Ретро көрмені әлеуметтік желі арқылы көп адам тамашалайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көне сарайдағы көмбе. Аралдық тұрғын Нұржан Іздібаев екі бөлмелі тұрғын-жайын ескі жәдігерлер жинайтын музейге айналдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл байланыс орталығы емес. Әр дәуірде, әр жылы шыққан 70-ке тарта телефон мен 40-қа жуық ұялы байланыстың бір жерде жинақталғанын бұрын-соңды кездестіріп көрдіңіз бе?  Ескі заттарды елдің есінде жаңғыртып, желідегі жұрттың жылы пікіріне бөленген Нұржан Іздібаевтің шағын мұражайында мыңға жуық жәдігер бар. Ерекшелігі мұнда музыкалық құрылғының отыздан астам түрі кездеседі. Ретро көрмеде көзге іліккен ерекше бұйымның бірі – романтика. Жарты ғасырдан астам тарихы бар күйтабақ әлі күнге дейін жұмыс істейді.

«Әкемнің жинаған теледидары мен патефоны бар. 1975-80 жылдарда шыққан. Көненің көзі. Бұл 1970 жылы шыққан әкем пайдаланған фотоапарат.  Таныстарым келіп, қызығушылықпен көреді», – деді аудан тұрғыны Нұржан Іздібаев.

Музейдегі ең көне жәдігер – 1735 жылы шыққан тиын. Монета Ресей империясы дәуірінен қалған көрінеді. Мұнан бөлек бірнеше елдің ақшасы бар. Сондай-ақ елу жыл бұрынғы теледидар, 1950 жылы кеншілер пайдаланған темір телефонға дейін қаз қалпында сақталған. Тіпті тарихы әріден сыр шертетін кебеже мен сандық, асадал, диірмен секілді тұрмыста қолданған көне бұйымдарды да көзінің қарашығындай сақтап келеді.

«Телефонның 65-70 түрі бар,  ұялы телефонның 40 түрі бар, телевизордың 10 түрі бар. 1990 жылы шыққан Аралдың  «Толқын» деген газеті бар, көне басылымдарды жинаймын. Ал сағаттың 20 түрі қойылған, таныстарым, достарым сыйлыққа береді. Қатты көңілім кетсе сатып аламын. Әлеуметтік желіден көріп, сыйлық ретінде беріп жібереді», – деді Нұржан Іздібаев.

Нұржанның жәдігерлерді жинап жүргеніне екі жылдан асқан. Қазір оның қорында мыңнан астам экспонат сақтаулы

Алдағы уақытта ғимаратын жаңартып, музейдің тынысын кеңейте түспек.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда Қазақстандағы алғашқы заманауи өнер мұражайы ашылды

Новости партнеров