Байқауда 500-ге жуық өтінімнен іріктелініп алынған 43 туынды сынға түспек
Алматыда дәстүрлі халықаралық "Бастау" кинофестивалі биыл он екінші рет ұйымдастырылады. Байқауда 500-ге жуық өтінімнен іріктелініп алынған 43 туынды сынға түспек. Бұл туралы фестиваль аясында өткен баспасөз жиынында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жас режиссерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін конкурста қысқаметражды ойын, деректі және анимациялық дебюттік фильмдер көрсетіледі. Биыл қаржылай қолдаудың болмауына қарамастан, конофестивальге әлемнің 28 елі қатыспақ. Бүгін кешкісін басталатын конкурс 14 желтоқсанға дейін жалғасады.
"Негізгі мақсатымыз – жастарға, дарынды жастарға көмектесу. Жаңа аттарды таныту. Жастарға көмегіміміз, назарымыз ауадай қажет", – деді "Бастау" кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов.
"Өте ауқымды әрі қызықты бағдарлама ұсынып отырмыз. Фестиваль аясында жетекші кино мамандарының шеберлік сыныптары өткізілмек. Сондай-ақ халықаралық кинематографистердің қатысуымен дөңгелек үстел де ұйымдастырылады. Бұл жас буынға аға буынмен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермек", – деді "Бастау" кинофестивалінің арт-директоры Диана Әшімова.
Оқи отырыңыз: Махмұд Сабырхан бокстан Азия чемпионатында алтын медаль алды