Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Президент биылғы Жолдаудың мәні мен мазмұнына тоқталып, ел тарихындағы маңызды оқиғаларды атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша», – деді Мемлекет басшысы.
Президент 25 қазанда ұлттық мереке – Республика күні атап өтілгенін еске салды. Оның айтуынша, дәл осы күні Егемендік туралы декларация қабылданып, Қазақстан дербес ел болу жолында батыл қадам жасады. Кейін Тәуелсіздік туы көтеріліп, мемлекеттіліктің негізі бекітілді.
«Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл наурыз айында Конституция қабылданғанын да атап өтті. Оның сөзінше, бұл – бүкіл ел үшін тарихи мәні терең оқиға.
«Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар жаппай қолдаған Конституцияның 1 шілдеде заңды күшіне енгенін айтты. Оның сөзінше, бұл еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына және жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпін берді.
Президенттің айтуынша, қазір халық ел өміріндегі ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға белсенді түрде кіріскен.
«Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.