Ата Заңға енгізілген өзгерістерден кейін еңбек саласына қойылатын талаптар күшейе түскен
Алматыдағы еңбек инспекторларына жыл басынан бері 5 мыңдай шағым түсіп, заңнаманы бұзған фактілер анықталған. Жауапты департамент өкілдерінің мәліметінше, олардың басым бөлігі еңбекақының төленбеуіне байланысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ата Заңға енгізілген өзгерістерден кейін еңбек саласына қойылатын талаптар күшейе түскен. Конституция аясында әрбір азаматтың қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ жалақы және әлеуметтік қорғалу құқығы нақты айқындалған. Сондай-ақ жұмыс берушілердің жауапкершілігі артып, еңбек заңнамасын сақтауға бақылау күшейтілген.
«Алматы қаласында 472 жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылған. Осы тексерулер нәтижесінде 496 еңбек заңдылығы бұзылған. Осыған байланысты департамент тарапынан 318 орындалуға міндетті нұсқама мекемелерге, кәсіпорындарға берілді. Соның нәтижесінде 244 заңды тұлғаға шара қолданылды», – деді Еңбек инспекциясы комитеті Алматы қаласы департаменті басшысының орынбасары Қасымбек Сайлауов.
Жұмыс кезінде туындауы мүмкін дауларды шешу тетіктері де жетілдірілген. Қызметкер өз құқығы бұзылған жағдайда, тиісті органдарға жүгіну мүмкіндігі нақтыланып, арыздарды қарау мерзімі мен тәртібі жүйеленген.
«ҚР аумағында еңбек құқығы Ата заңда және Еңбек кодексінде жеткілікті түрде қорғалған. Қызметкерлердің жалақысы, еңбек демалысы, қауіпсіздігі деген мәселелер нақты айтылған. Біздің заңымыз халықаралық стандарттарға сәйкес деп айта аламыз», – деді Адвокаттар алқасының адвокаты Файзулла Смағұл.
Дегенмен, мамандар заңның тиімділігі тек қабылдануымен емес, оның орындалуымен өлшенетінін айтады. Еңбек қатынастарында заң талаптары толық сақталған жағдайда ғана өзгерістер нақты нәтиже береді. Ал бұл жұмыс беруші мен қызметкердің құқықтық мәдениетіне де байланысты кқрініс табады.
Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек
Оқи отырыңыз. Дархан Жазықбай: «Жаңа заң мемлекеттік қызметтің философиясын түбегейлі өзгертеді»