Конституциялық Сот бірқатар лауазымды тұлғаны қайта тағайындауға қатысты норманы қолдану тәртібін түсіндірді

07.07.2026 14:37

1995 жылғы Конституция бойынша атқарылған қызмет жаңа Конституцияға сәйкес қайта сайлануға немесе тағайындалуға кедергі болмайды

Ақорда

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты 2026 жылғы 15 наурыздағы Конституцияның 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Конституциялық соттың түсіндіруінше, аталған конституциялық нормаларда көзделген шектеулер тек қолданыстағы Конституцияға және соған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес сайлану немесе тағайындалу фактілеріне ғана қолданылады.

Сот сондай-ақ 2026 жылғы Конституцияда 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңдегі тиісті лауазымдарда болу мерзімдерін, сондай-ақ сол кезеңдегі сайлану немесе тағайындалу фактілерін есепке алу туралы ереже жоқ екенін атап өтті.

Осыған байланысты, адамның 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде аталған лауазымдардың бірін атқаруы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияға сәйкес оны тиісті қызметке сайлауға немесе тағайындауға конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды.

Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот ресми түсіндірме берді: 1995 жылғы Конституцияға сәйкес аталған лауазымдарды атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін осы қызметтерге сайлана немесе тағайындала алады.

Бұл ретте, жаңа Конституцияда белгіленген шектеулерді қолдану мақсатында мұндай сайлану немесе тағайындалу алғашқы сайлану немесе тағайындалу болып есептеледі.

Оқи отырыңыз: Қырғызстан Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрады