Жиынға Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері мен сала мамандары қатысып6 ұсыныс-пікірін ортаға салды
Конституцияның жаңа жобасы елдегі билік жүйесінің архитектурасын қайта қалыптастырып, қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған. Жаңартылған Ата заң Парламенттің ықпалын арттыруды, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейтуді және азаматтық қоғамның рөлін кеңейтуді көздейді. Бүгін елордада жаңа Конституция жобасының мазмұны мен негізгі ережелерін жан-жақты түсіндіруге арналған сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынға Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері мен сала мамандары қатысып6 ұсыныс-пікірін ортаға салды.
Конституциялық реформа ел егемендігін нығайтып, тәуелсіздігімізді одан әрі бекемдей түседі. Әлемде тұрақсыздық белең алған қазіргі кезеңде бұл қадам Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі болмақ. Елордада өткен жиында Парламент депутаттары мен Ұлттық құрылтай мүшелері осындай пікір айтты. Бұдан бөлек, жаңа Ата заң халық пен билік арасындағы өзара байланысты күшейтіп, азаматтардың мемлекет өміріндегі рөлін арттыруға бағытталады.
Атап айтқанда, жаңа заң қабылданғаннан кейін мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар шешімдер тек жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатын болады. Бұл өзгерістер қоғамның саяси үдерістерге тікелей қатысуына жол ашып, демократиялық қағидаттарды нығайта түседі.
«Ең негізгісі референдум. Бұл – республикалық референдум емес, жалпы халықтық референдум деп аталған. Екінші үлкен мәселе бар. Ол осы Конституцияға өзгерістер тек референдум арқылы өтетін болады. Яғни, қазір осы Конституция халықтың биліктің алдындағы билік механизмдерін арттырады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Келелі кездесуде сарапшылар бас қосып, өз ой-пікірін ортаға салды. Айтуынша, тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында қабылданып жатқан саяси шешімдер кездейсоқ емес, бұл – уақыт талабы. Сарапшылар бұл қадам Қазақстанның жаңа даму кезеңіне батыл өтуіне жол ашатынын атап өтті. Соның нәтижесінде ұлт қалыптастыру үдерісіндегі негізгі тұжырымдар айқындалып, елдің болашақ бағыты мен қоғамдық болмысы нақтылай түспек.
«Қоғамның жетіліп, Конституция жобасын дайындауға бірлесе кірісіп жатқанның өзі – тәуелсіздіктің 35 жылдығы үшін жаңалық. Президент тәуелсіздіктің 35 жылдығында қандай жаңалықпен жетеміз, қандай жетістікпен келеміз деп атап көрсетті ғой. Жаңа Конституция қоғамдық талқылаудан, тыңдаулардан кейін референдумда бекітілетін болса, тәуелсіздігіміздің келесі кезеңіне, жаңа дәуіріне өтуге үлкен мүмкіндік береді», – деді Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция жобасының осылай кеңінен талқылануы елдегі саяси мәдениеттің жоғары деңгейде қалыптасқанын аңғартады. Бұл қоғамның мемлекеттік маңызы бар мәселелерге бейжай қарамай, белсенді қатысып отырғанын көрсетеді. Мамандардың айтуынша, ашық пікір алмасу арқылы Конституцияда нақты бекітілген тетіктерді алдағы уақытта одан әрі жетілдіруге мүмкіндік бар.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана