Шағымын айтқан жұртқа әкімдік өкілдері келді
Тараздық тұрғындар қалада тұрып тобықтан батпақ кешіп жүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала шетіндегі Родничек, Мичуринец, Қайнар мен Ақжол тұрғын алабында жаңбыр жауса көпшілік қатынаудан қалады. Себебі жолы жоқ мекендер батпақ пен су айдынына айналады. Оқушылар аяғына пакет кисе, үлкендер күрек пен кетпен ұстап, жолға жиналған суды ағызып әлек болады.
«Көрген күніміз – осы. Аяғымызда пакет, балалар оқуға бара алмайды. Барса, аяқ кимін мұздай сумен жуады. Қарияларға үйден шыға алмай қалды. Есік алдына шықсаң, дария, батпақ», – деді қала тұрғыны Алпысбек Тойқалиев
Тұрғын алабтары шаһарға 10 жыл бұрын кірген. Алайда өзгерген дәнеңе жоқ. Не кәріз жүйесі, не асфальт салынбаған. Табан тоздырып, ашпаған есігі қалмаған түрғындар мәселеге бір де бір басшы мән бермегенін айтты.
«Балаларымыз үсті батпақ-батпақ, мектептен құлап келеді. Тазартып, түнімен соның киімін жуып, азанда жібереміз. Жедел жәрдем көлігін екі рет шақырдым, «көшең батпақ» деп келмей қойды. Қараусыз қалдық», – деді қала тұрғыны Зәуре Өтебаева
Шағымын айтқан жұртқа әкімдік өкілдері келді. Дегенмен тақтайдай тегіс жолдың қашан салынарын нақты айта алмады. Тосыннан келгендей толқып, тілшілер сауалына әрең жауап қатты.
«Бірінші су жүргізіп болғаннан кейін, асфальт төсеу жұмыстары жүретін болады. Қазіргі таңда сметалары жасалуда», – деді қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дамир Айманов.
Жауаптылар тұрғын алабтарында 80 көше барын айтып отыр. Бұған дейін жаппай ауыз су жүргізілгендіктен, асфальттау жұмыстары кейінге қалған. Дегенмен алдағы 2 жылда асфальт толық төселетінін айтып, сендірді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Taza qala: Алматыда заңсыз қоқыс төгілетін аймақтар азаймақ