Қоңыратбаевтар әлемі: Алматыда «Руханият әлемі» атты жинақ жарық көрді

Биыл түркітанушы ғалым, педагог-әдіскер Әуелбек Қоңыратбаевтың туғанына 120 жыл толды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл түркітанушы ғалым, педагог-әдіскер Әуелбек Қоңыратбаевтың туғанына 120 жыл толды. Ғұмырын әдебиетке арнаған жазушының еңбегін, мұрағатта сақталған материалдарын көптің назарына ұсыну үшін бүгін Алматыда халықаралық конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақ тарихында ғылым-білімге, өнер, мәдениетке үлес қосқан зиялылар әулеті көп. Бір емес, бірнеше дарын иесін өсірген Сәтбаевтар, Жұбановтар мен Қожықовтар отбасының есімі ел есінде. Кесек тұлғалардың қайраткерлігі мен ұлтжандылығының арқасында ұрпаққа қалдырған еңбектері де көп. Қазақ руханиятының дамуына атсалысқан сондай әулеттің бірі – Қоңыратбаевтар отбасы.  

«Осы әулеттің бірнеше өкілі ұлттық деңгейдегі қайраткер болған. Олар – Қалжан Қоңыратбаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Әлібек Қоңыратбаев. Олардың өміріне, шығармашылығына арналған кітаптардың тұсауы кесілді», – деді филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахетов.

Мерейтой аясында Ұлттық кітапханада басқосқан көпшілік алдымен туындылардың тұсаукесер рәсіміне қатысты. Оның қатарында профессор Тынысбек Қоңыратбайдың үш томдық «Руханият әлемі» атты жинағы бар. Кейін іс-шараға жиналғандар баяндамашылардың зерттеуіне көңіл бөлді. Әуелбек Қоңыратбаевтың шығыстану, фольклортану, әдебиеттану саласына сіңірген еңбегін талдады. Сондай-ақ Әлібек Қоңыратбаевтың сын мақалаларының тақырыбын ашып, негізгі бағыттарын көрсетті.    

«Мұхтар Әуезов, Молдағали Жолдыбаевпен бірігіп XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің оқу кітабын, сосын хрестоматиясын жазған. Мұхаммеджан Қаратаевпен, Абат Әлібаевпен мектеп оқулықтарын шығарды. Ондаған кітабы бар», –  деді филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбай.

Конференцияда әулеттен шыққан көрнекті тұлғаның бірі – Қалжан Қоңыратбаевтың Ташкентте фольклорлық экспедиция ұйымдастырғаны айтылды. Оның өз заманында газет-журнал бетіне түрлі тақырыпта мақала, өлеңдер мен очерктерді тұрақты жариялап отырғаны сөз болды. Жұртшылық қайраткердің қоғамдық-саяси көзқарасы мен рухани мұрасына айрықша назар аударды.

 Ұмытпаған жөн, Қоңыратбаевтар әулетінің ғылыми-ағартушылық жолы – ел тарихының бір бөлшегі. Ал бұл жиын сол деректерді қайта ашып, ұлттың зердесін жаңғыртты. Келер ұрпаққа бағдар көрсетті.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Жеңіске жетелеген күш-жігер: 7 тіл меңгерген Сейтжан Кенжеғұл оқушылармен кездесті

Новости партнеров