Кооперативтер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырады – Президент

Соңғы 10 жылда мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетілген қолдау көлемі 10 есеге артқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Майда шаруа қожалықтарының басын біріктіру еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын жандандыра түседі. Алайда шаруаларды кооперативке күштеп кіргізудің қажеті жоқ. Олар өздері ынталы болуы қажет. Бұл –елімізде кооперативтерге қайта оралу мәселесіне қатысты сарапшылар пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы 10 жылда мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетілген қолдау көлемі 10 есеге артқан. 2024 жылы бұл салаға 580 миллиард теңге бөлінсе, былтыр 1 триллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бірақ 2015 жылдан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе ғана өскен. Бұл көрсеткіш мардымсыз екенін айтқан Мемлекет басшысы саланы ынталандыру үшін сапалы жұмыстар жүргізілуі қажет екенін айтты. Бұл ретте Президент шағын шаруашылықтардың басын біріктіру маңызды қадам екеніне ден қойып отыр. 

«Еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілді. Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал сарапшылар ортақ күш – қарапайым күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол екенін алға тартады. Өйткені сандалтқан субсидия, қойманың жоқтығы, қажет техниканың болмауы мен қолбайлау қаржы мәселесі – шағын шаруа қожалықтарының негізгі бас ауруы. Ал сала мамандары «кооперативке өту арқылы – майда фермерлердің басы бірігеді, ісі өнеді» дейді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын коммерцияландыру мен ғылымға көп көңіл бөлу керек екенін айтты. Сонда ғана шаруаларды қолдауға бағытталған қыруар қаржы құмға сіңіп кетпей, экономика игіліне жұмысалмақ.

«Ғылыми әзірлемелер тек қана сөрелерде жатпау керек. Олар жұмыс істеуі керек. Ол жаңағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін ғылыми есепті жазып қойып, сөреге салып қою – ол тиімсіз болады. Оның қажеті жоқ бүгінгі таңда. Сондықтан, барлық ғылыми әзірлемелер өндіріске жұмыс жасауы керек. Ол өндіріске табыс әкелуі керек. Біздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс жасауы керек. Сондықтан сорттарды, агротехнологиялардың барлығын шаруа қожалықтарымен біріге отырып, өндіріске кеңінен енгізу бойынша бағдарламада айтып, соны жүзеге асырудамыз», – деді Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев.

Бүгінде елімізде мал шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойылып отыр. Өйткені, 2035 жылы әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Бұл ретте Қазақстан сыртқа, әсіресе, Азияға осы өнімді экспорттайтын негізгі мемлекет болуына мүмкіндігі мол. Егін шаруашылығында да нәтиже жақсы. 2024 - 2025 жыл аралығында тек астық пен ұнның 13 миллион тоннадан астамы шет елге шығарылып, көрсеткіш рекордтық деңгейге жеткен. Ғалымдардың сөзінше, 35 жыл бұрын елімізде картоптың 2 түрі ғана болса, бүгінде 60 сорты шығарылады. Ал жалпы дәнді-дақылдардың 180-ге жуық сұрыпы бар. Соның 20 пайызы – отандық сорт. Өнімділігі жоғары, суыққа төзімді бақша өнімдері мен көкөністерге сұраныс та айтарлықтай артқан.

«Соңғы екі жылда алма дақылы өте жақсы өнім берді. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының алма дақылымен айналысатын шаруашылықтар көбінесе Ресей мемлекетіне өнімдерін экспорттайды. Жүзім Түркістан облысынан Өзбекстан, сонымен қатар Ресей мемлекеттері ертерек келіп, келісімшарт жасап, өнімдерін экспортқа алып кетіп жатады», – деді Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Қазыбаева

Бүгінде қазақстандық астық пен ұн 45 елге жөнелтіліп отыр. Ал артық өнім сыртқа шығарылса, ішкі нарыққа қысым болмай, елге валюталық түсім келеді. Бұл теңгенің тұрақтылығына оң әсер етпек. Ол үшін шаруалар жұмысқа жұмылған жұдырықтай кірісуі қажет. Сонда ғана береке артпақ. Ал түскен табыс саланың әлеуетін арттырып, инвестиция әкеледі. Бұл өз кезегінде кешенді мәселе - ауылдардың дамуына ықпал етпек.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Жан басына шаққанда – 15 мың доллар Президент ұлттық экономиканың өсімі туралы

Новости партнеров