«Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Экономикамыз 6 пайыздан асып, еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 млрд долларға жетті». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбатында осылай делінген. Президент бұл ретте барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға болмайтынын айтып, Шығыс халықтарының «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» деген сөзін тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2025 жылы ішкі өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осылай деген Президент еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болатынын жеткізген. Осы орайда инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріліп жатқанын да ерекше атап өтті. Десе де, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес дегенді алға тартқан Мемлекет басшысы тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек, екенін айтты.
«Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылардың айтуынша, ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Қазақстан Орта Азиядағы алпауыт саналады. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш ел экономикасының тұрақтылығын айқындайды.
«Жалпы ішкі өнімді жан басына шағатын болсақ, табыс деңгейі көрінеді. Яғни, әр адамның бір жылда өндіретін өнім көлемі деуге болады. Салыстырмалы түрде қарағанда, бұл – 15 мың долларға жетіп отыр және өте жақсы көрсеткіш. Егер әлем бойынша қарайтын болсақ, 20 мың доллардан жоғары болса, ол бай мемлекеттердің қатарында саналады. Демек біз бір-ақ аттам тұрмыз деп айтуға болады», – деді экономист Мақсат Халық.
Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында сондай-ақ экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес салаларын тоғыстыратын елдегі туризмге де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев салаға кәсіби мамандарды тарту қажет екенін айтып, Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылғанын тілге тиек етті. Бүгінде оқу ордасының алғашқы түлектері дипломын алып, еңбек нарығына қосылған. Алайда бұл – жеткіліксіз.
«Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлемдік деңгейдегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында Алматы тау кластерінің әлеуеті зор деді. Бұл салада ауқатты адамдарға да, орташа табысы бар азаматтарға да бірдей қызмет көрсетілуі тиіс екенін баса айтты. Сондықтан ондағы туристік инфрақұрылымды әртараптандыру мәселесіне назар аудару қажет екенін атап өтті.
Олжас Омарбек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Президенттер де спортпен айналысады – Тоқаев өз сұхбатында әріптестері туралы айтты