78639 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Жылу Байжұманың жұбайы үш қызымен перзентханадан шықты
Алматы қаласындағы 78639 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Жылу Байжұманың жұбайы үш қызымен перзентханадан шықты, деп хабарлайды Almaty.tv
Бүгінде Байжұма отбасында төрт ұл өсіп келеді. Олар – Дархан, Данышпан, Нұрислам және Дастан.
Жақында осы көпбалалы отбасында үшем қыздар дүниеге келді. Жаңа туған сәбилерге Айбибі, Айбике және Айкүнім есімдері берілді. Отағасы болса, әзірге шаңырақтағы ерлер саны басымырақ деп күлімдейді.
Ерлі-зайыптылар көпбалалы отбасы күнделікті жауапкершілікпен қатар, өзара көмек пен бір-біріне деген үлкен қамқорлықты қажет ететінін жақсы түсінеді. Жақындарының махаббаты мен қолдауы ефрейтор Жылу Байжұмаға қызметтік міндеттерін орындауда күш-жігер мен сенімділік береді.
Жылу Байжұма – энергиямен қамтитын радиоорталық бөлімшесінде аға маман – аға электрик-дизелист қызметін атқарады. Әскери бөлім басшылығы оны жауапты, адал әрі ұжыммен бірлесе жұмыс істейтін білікті әскери қызметші ретінде сипаттайды.
Мектепте педагог-психолог болып еңбек еткен Ақмарал енді өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін жеті баланың тәрбиесінде қолданамын деп отыр. Өйткені әрбір балаға көңіл бөліп, қолдау көрсету, қабілетін ашуға көмектесу және жақындарына қамқор болуға үйрету аса маңызды.
Үлкен отбасы – үлкен жауапкершілік пен күнделікті ата-ана еңбегін қажет етеді. Алайда оның негізінде ең алдымен махаббат, өзара түсіністік және бір-біріне сүйеу болу жатыр. Ақмарал мен Жылудың пікірінше, ештеңемен өлшеуге келмейтін нағыз отбасылық байлықтың мәні де осында.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әлеуметтік қолдау алған дәрігерлердің саны жеті есеге жуық артты