Ақтөбеде тікұшақ апатынан қаза тапқан офицердің аты-жөні жарияланды

09.11.2024 17:57

Батыр Оразымбетовтің артында екі баласы қалды

ҚР Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Ақтөбе облысындағы әскери тікұшақ апаты кезінде қаза тапқан қызметкердің кім екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының 1988 жылы туған офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты", - деоінген ведомствоның ресми мәлімдемесінде.

Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы "ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар" мамандығы бойынша бітірген.

"Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы көктемде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды", - делінген министрлік хабарламасында.

Апатты жағдайдағы қону кезінде зардап шеккен әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

"Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бүгін Сарыжар ауылында тікұшақ апатқа ұшырып, соның салдарынан бір адам қаза тапты. Екі адам ауруханаға жеткізілген. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс министрлігі тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу жұмысы 2023 жылы Алматыда жасалғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты