Қала мен табиғат үндестігі: Алматыны мекендейтін аң-құстар әлемі қандай

Видеодан кадр
Видеодан кадр

«Алматинские истории» бағдарламасының кезекті шығарылымында мегаполистің қайнаған қақ ортасында тіршілік ететін аң-құстар жайлы сөз қозғалмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аlmaty.tv арнасында ұзақ уақыттан бері көрермен көзайымына айналған «Алматинские истории» танымдық-деректі бағдарламасы мегаполистің өткені мен бүгініне үңіліп, шаһардың қалыптасу тарихын, мәдени мұрасын және тағдыршешті кезеңдерін кинохроника, архивтік құжаттар мен көрнекті тұлғалардың естеліктері арқылы өрбітеді. Жобада жастар арман-қала – Алматының қалай бой көтеріп, өсіп-өркендегенінен хабардар болып, аға буын өкілдері өз жастық шағының қайталанбас сәттерімен қайта қауышады.

Бағдарламаның кезекті шығарылымында зоолог Елдос Исмағұлов қаладағы және қала маңындағы саябақтар мен жасыл аймақтарда, сондай-ақ мегаполистің қайнаған қақ ортасында тіршілік ететін аң-құстар жайлы сөз қозғалмақ.

«Алматыдағы Ботаникалық бақ пен саябақтар - жабайы жануарлар тіршілік ететін орта. Олардың кей түрі тіпті адамдардың өмір сүру салтына да бейімделіп, қалалық ортада қорек тауып үйренген. Кейбірі көзге жиі түссе, енді бірін мүлде байқай бермейміз», - дейді зоолог Елдос Исмағұлов.

Алматы аспанынан жыртқыш құстарды, ал саябақтар мен жасыл белдеулерде түрлі ұсақ құстарды жиі көруге болады. Жылы жаққа қоныс аударатын құстардың да ондаған түрі қала үстімен ұшып өтеді. Олардың түрлі әуеге толы үні мегаполистің табиғи ырғағын толықтырып, ерекше реңк бере түседі.

Соңғы жылдары Алматы аумағы кеңейіп, тұрғын үйлер жабайы жануарлардың табиғи мекеніне жақындай түскені жасырын емес. Соның салдарынан кейде қала маңынан түлкі, борсық, қабан, тіпті тау бөктерінен аю мен сілеусін де көзге түсіп қалып қалып жатады. Ондай жабайы аңдар көбінесе түнде қорек іздеп, адамдардан бой тасалауға тырысады.

«Мысалы, қабан негізінен, күндіз жүретін аң, бірақ қала жағдайында олар да түнгі тіршілікке көшкен. Көп жануарлар төнетін қауіп-қатерден аулақ болу үшін мінез-құлқын өзгертеді. Медеу маңында, шатқалдарда қабан да, аю да, тіпті бір кездері қар барысы да тіркелген жағдайлар болған», - дейді зоолог Елдос Исмағұлов..

Алматы маңында тек жабайы аңды ғана емес, алуан түрлі құстарды да байқауға болады. Тау бөктерінде үкі, жапалақ, сұңқар, ителгі, қаршыға тәрізді жыртқыш құстар мекендейді. Қалада арнайы питомниктерде құстардың бұл түрлерін қолдан көбейту жұмыстары да жүргізілген. Сонымен қатар жаңа шағынаудандарда көк кептер, көкек, көкқұс, сары шымшық секілді құстар жиі кездеседі.

Қаладағы су айдындары да тіршілікке толы. Саябақтардағы тоғандар мен өзендерде жабайы үйректер қыстап қалып жатады. Алайда мамандар оларды кез келген тағаммен қоректендіруге болмайтынын ескертеді. Ашытылған нан немесе қара нан құстардың ас қорыту жүйесіне зиян. Ең дұрысы, дәнді дақылдар мен арнайы жем беру.

Қалалық ортаға бейімделген жануарлар сақ әрі икемді бола түскен. Олар көлік қозғалысына, адамдардың көптігіне үйреніп, тіршілік ету тәсілін өзгертіп жатыр.

Алматы аумағында жыландар мен кесірткелер де кездеседі, алайда улы түрлері өте сирек және қала ішіне терең енбейді.

Қазақстанда сирек кездесетін жануарларды қорғау мақсатында Қызыл кітап жүргізіледі. Қазіргі таңда оған өсімдіктердің шамамен 400 түрі мен омыртқалы жануарлардың 133 түрі енгізілген. Соңғы жылдары бұл бағыттағы ғылыми жұмыстар қайта жанданып келеді.

Жыл құстарының Қазақстан аумағынан өтетін екі ірі көші-қон жолы арқылы жыл сайын ондаған миллион құс ұшады. Олардың бір бөлігі елімізде ұя салып, бір бөлігі қыстап қалса, енді бірі жаз мезгілінде ғана аялдайды.

Табиғат пен адам бір кеңістікте өмір сүріп жатыр. Алматы – тек бетон мен асфальттан тұратын шаһар емес, ол – жан-жануар мен құстарға да ортақ мекен. Біз табиғатты түсініп, құрметтей білсек, олар да біздің қасымызда қауіпсіз өмір сүре алады. Адам мен табиғат үйлесімі қашанда қаланың шынайы байлығы болып қалмақ.

Оқи отырыңыз: «Тамашаны» тарту еткен халқына: Лұқпан Есеновтің өмірі туралы беймәлім деректер

Новости партнеров