Көрнекті мәдениет қайраткері Ғалым Доскен өмірден өтті

11.11.2025 11:00

Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға

Мәдениет және ақпарат министрінің баспасөз қызметі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі қаламгер, қоғам қайраткері, режиссер-сценарист, медиаменеджер Ғалым Доскеннің дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол «Ұлан» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырды. Соның ішінде «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді.

Режиссер әрі сценарист ретінде «Киелі жерлер», «Жоғалған жарық хроникасы» секілді деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттады.