Елімізде 5 мыңға жуық заңсыз полигон жасанды интеллектінің көмегімен анықталған
Биыл елімізде 5 мыңға жуық заңсыз полигон жасанды интеллектінің көмегімен анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүзден астам ағашты заңсыз кесу мен жасырын қазбаларды өндіруге қатысты 2,5 мың жағдай әшкереленген. Экология министрі жасанды интеллект енгізілгелі қоршаған ортаға зиянын тигізетіндердің азайғанын алға тартты.
"Жасанды интеллектіні қолданғалы 974 факті тіркелді, оның ішінде 294 факті заңсыз ағаш кешу. Ал биыл 112 жағдай анықталды, оның ішінде 56 жағдай бойынша іс сотта қаралып жатыр. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау үшін жасанды интеллектіні пайдалану тиімді ", – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Ал цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі деген Үкімет басшысы азаматтардың басым көпшілігі жасанды интеллект туралы біле бермейтінін айтты. Сондықтан цифрлық қызметтерді оңтайландырып, халыққа кеңінен түсіндіру қажет. Олжас Бектенов жауапты министрлікке жасанды интеллектіні одан әрі дамыту жөнінде тиісті тапсырма берді.
"Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қоры қолжетімді болуы тиіс. Бұл үшін бірыңғай тәсілдер қажет. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын регламенттеуді тапсырамын. Ақпараттар дер кезінде беріліп, өзекті әрі дұрыс болуы тиіс", – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Алматыда қылқан жапырақты биік ағаштар отырғызылды