Көшеге тастап кетуге болмайды: Қазақстанда үй жануарларын ұстау талаптары күшейеді

19.08.2026 16:07

Ережемен қатар, иттер мен мысықтарды чиптеу міндетті болады

24 тамыздан бастап Қазақстанда үй жануарларын ұстауға қатысты талаптар күшейеді. Енді иесі итін не мысығын көшеге тастап немесе панажайдың қақпасына байлап кете алмайды. Яғни, азамат жануарынан бас тартса да, оған қатысты міндеттерінен босатылмайды, 

Бұл - Джули, асыл тұқымды неміс овчаркасы. Сегіз жаста. Бұған дейін жануардың құжаты да, панасы да, иесі де болған. Алайда бірнеше апта бұрын еріктілер итті жанармай құю бекетінен әбден әлсіреген күйде тауып алған. Қазір Джулидің жағдайы тұрақты.

«Иттің шап тұсында таңбасы бар екен. Сол таңбаны анықтап, оның қай панажайдан шыққанын білу үшін итті өсіріп-бағушыларға, кинологиялық клубқа хабарластық. Сөйтіп, оның Өскеменнен әкелінгенін анықтадық. Яғни, бұл тұқымы жақсы, құжаттары бар, сегіз жастағы ит. Өте ақылды. Жетекте жақсы жүреді. Яғни, оның бұрын үйде болғаны анық», – деді жануарларды қорғау инспекторы Алика Гузей.

Джули сияқты мұнда 84 жануар бар. Жауапсыз иелер үй жануарларын панажайдың қақпасына немесе көшеге шығарып жібереді. Кейбірі тіпті, қала сыртына апарып тастайды екен. Бүгінде төрт аяқтыларға жем, дәрі-дәрмек, екпе сынды шығындарын еріктілер өз қалтасынан немесе қайырымдылық арқылы өтеп келеді.

«Мен жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік болғанын қалаймын. Бірақ әзірге қоғамымыз оған дайын емес сияқты. Адамдар жануарын әкеліп, «алыңыздаршы, тамағын беремін, келіп тұрамын, көмектесемін» деп уәде береді. Кей жағдайда панажайға тапсырған кезде азын-аулақ ақша қалдырады. Содан кейін ізім-ғайым жоғалады», – деді панажай жетекшісі Александра Старина.

24 тамыздан бастап үй жануарларына қатысты ереже өзгереді. Бұдан бұлай, оларды тастап кетуге болмайды. Үй жануарларын жаңа иесіне, панажайға немесе уақытша ұстау орнына ресми түрде тапсыру қажет.

«Заң бойынша жануарды ресми түрде тапсыру керек. Егер ол чиптелген болса, қабылдау-тапсыру актісі арқылы оны жануарларға қарайтын мекемеге өткізу қажет. Бірақ іс жүзінде мұны қалай жүзеге асыратыны әзірге түсініксіз. Өйткені оның мәні жануардың реестрде тіркелуінде. Яғни жануар міндетті түрде есепке алынуы керек», – деді адвокат Евгений Яворский.

Ережемен қатар, иттер мен мысықтарды чиптеу міндетті болады. Микрочипке арнайы бірегей нөмір беріледі. Ол иесі туралы мәліметтермен бірге бірыңғай базаға енгізіледі.

Диана Тұрлыбек, Әсия Серікова, Әділхан Муталяпов

Оқи отырыңыз: Жылу беру маусымына дайындық: Қазақстанда 19 млн тонна көмір тасымалданды

Толық көрсету